Сәрсенбі, 25 Қыркүйек 2024 16:37

Шымкентте монополияға қарсы әрекеттер: «ҚТЖ» филиалы мен кәсіпкерлерге ескертулер жасалды

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Қазақстан Республикасы бәсекелестікті қорғау және дамыту Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің 2024 жылдың 9 айында атқарған жұмысының қорытындылары туралы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Департамен басшысы бүгін Қосбаев Ернар Тұрдалыұлы - Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Шымкент қаласындағы бірқатар кәсіпкерлік субъектілеріне монополияға қарсы заңнаманың бұзылуына байланысты шаралар қабылданғанын айтты.  

«ҚТЖ» ҰК АҚ-ның Шымкент магистральдық желі бөлімшесіне қатысты арнайы хабарлама енгізілген.

Қосбаев Ернардың айтуынша, тексеру барысында филиал вагондарды беру және шығару кезінде кейбір нарық субъектілеріне басқаларға қарағанда артықшылықтар бергені анықталған. Бұл әрекет нарықтағы бәсекелестікті бұзып, басқа субъектілерді кемсітушілікке алып келген. Қазіргі уақытта хабарлама талаптары толық орындалып, филиал қызметі заңнамаға сәйкес реттелді, сонымен қатар белгілі бір субъектілерге қатысты жеңілдіктер алынып тасталған.

Монополияға қарсы заңнамаға сәйкес, мемлекеттік мекемелер мен акцияларының 50%-дан астамы мемлекетке тиесілі кәсіпорындар бір көзден келісімшарт жасау үшін монополияға қарсы органнан рұқсат алуға міндетті. 2024 жылы Департамент осындай 10 өтінішті қарады, олардың 7-еуіне келісуден бас тартылды.

Ең ірі заң бұзушылықтардың бірі «Shymkent» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның әрекеттерімен байланысты болды. Тексеру нәтижесінде компанияның Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабын бұзғаны анықталды. Мәні бірдей келісімдерге әртүрлі шарттар қолданып, корпорация өзінің нарықтағы үстемдігін теріс пайдаланғаны үшін 104,7 млн теңге айыппұл салынып, бюджетке өндірілген.

Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы да назардан тыс қалмады. Бұл басқарма сұйытылған мұнай газын бөлу кезінде бәсекелестікке қарсы әрекеттері үшін 300  айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелген.

Бұл шаралар Шымкент қаласында адал бәсекелестік ортасын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам ретінде бағалануда.

Оқылды 91 рет