Сәрсенбі, 25 Қыркүйек 2024 21:47

2024 жылы Шымкентте тауар нарықтарына талдау жүргізіліп, нормативті құжаттарға өзгерістер ұсынылды

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Қазақстан Республикасы бәсекелестікті қорғау және дамыту Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің 2024 жылдың 9 айында атқарған жұмысының қорытындылары туралы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті.

 

Шымкент қаласындағы Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Департаменті 2024 жылдың басынан бері 15 тауар нарығына талдау жүргізді. Олардың ішінде тауық етін көтерме сату, байланыс арналарын жалға беру, мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау сияқты маңызды секторлар бар. Қазіргі уақытта дәрілік заттарды көтерме өткізу және сымды интернет қызметтері секілді әлеуметтік маңызы бар нарықтарға талдау жалғасуда.

Департаменттің негізгі бағыттарының бірі — Кедергілер жөніндегі Кеңестің жұмысын ұйымдастыру. 2024 жылы кеңестің 14 мәжілісі өткізіліп, қорытындысында 4 мәселе бойынша тиісті нормативті құжаттарға өзгеріс енгізу үшін ұсыныстар Агенттіктің орталық аппаратына жолданған.

Республикалық деңгейдегі ұсыныстар Қазақстанның мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы заңына келісімшарт мерзімін қысқарту, мемлекеттік мекемелердің бәсекелестік дамыған секторларда қызмет етуін шектеу, жолаушыларды тасымалдау саласындағы тендерлерде барлық субъектілерге тең мүмкіндік беру мәселелерін қамтыды.

Жиында. департамен басшысы Қосбаев Ернар Тұрдалыұлы -

Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Шымкент қаласындағы бірқатар кәсіпкерлік субъектілеріне монополияға қарсы заңнаманың бұзылуына байланысты шаралар қабылданғанын айтты.  «ҚТЖ» ҰК АҚ-ның Шымкент магистральдық желі бөлімшесіне қатысты арнайы хабарлама енгізілген.

Қосбаев Ернардың айтуынша, тексеру барысында филиал вагондарды беру және шығару кезінде кейбір нарық субъектілеріне басқаларға қарағанда артықшылықтар бергені анықталған. Бұл әрекет нарықтағы бәсекелестікті бұзып, басқа субъектілерді кемсітушілікке алып келген. Қазіргі уақытта хабарлама талаптары толық орындалып, филиал қызметі заңнамаға сәйкес реттелді, сонымен қатар белгілі бір субъектілерге қатысты жеңілдіктер алынып тасталған.

Монополияға қарсы заңнамаға сәйкес, мемлекеттік мекемелер мен акцияларының 50%-дан астамы мемлекетке тиесілі кәсіпорындар бір көзден келісімшарт жасау үшін монополияға қарсы органнан рұқсат алуға міндетті. 2024 жылы Департамент осындай 10 өтінішті қарады, олардың 7-еуіне келісуден бас тартылды.

Ең ірі заң бұзушылықтардың бірі «Shymkent» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның әрекеттерімен байланысты болды. Тексеру нәтижесінде компанияның Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабын бұзғаны анықталды. Мәні бірдей келісімдерге әртүрлі шарттар қолданып, корпорация өзінің нарықтағы үстемдігін теріс пайдаланғаны үшін 104,7 млн теңге айыппұл салынып, бюджетке өндірілген.

Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы да назардан тыс қалмады. Бұл басқарма сұйытылған мұнай газын бөлу кезінде бәсекелестікке қарсы әрекеттері үшін 300  айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелген.

Бұл шаралар Шымкент қаласында адал бәсекелестік ортасын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам ретінде бағалануда.

Оқылды 94 рет