Бейсенбі, 26 Қыркүйек 2024 21:55

Шымкент: Әскери мамандардың іс-қимылдарының үйлесімдігін арттыруға арналған оқу-жаттығу жиыны аяқталды

Шымкент қалалық аумақтық қорғаныс бригадасының әскери міндеттілермен 10 күндік арнайы тактикалық оқу-жаттығу жиыны қорытындыланды. Қорғаныс министрлігінің жоспарына және Шымкент қаласы әкімінің қаулысына сәйкес запастағы жүз елу алты әскери қызметшіге арналған әскери жиын аяқталды. Осы уақыт ішінде оқу бағдарламасын жақсы меңгергендерге кезекті әскери атақтар берілді. 

Оқу-жаттығу жиындарының мақсаты – әскери резервті жинақтап, мамандардың білімін жетілдіру, әскери міндеттілердің далалық білімін және олардың іс-қимылдарының үйлесімділігін арттыру. Аумақтық қорғаныс бригадасының командирі, әскери оқу-жаттығу жиындарына жауапты полковник Ержан Сартбаевтың айтуынша, жиын барысында көзге түскен қатысушыларға әскери атақтар, грамоталар табыс етілді.

– Алғашқы күндерден бастап мемлекеттік-құқықтық, тактикалық, арнайы дайындық және атыс даярлығы бойынша сабақтар ұйымдастырылды. Олар стратегиялық объектілерді қорғауды ұйымдастыру, диверсиялық топтарға қарсы іс-қимыл, блокпосттарда қызмет атқару және т.б. мәселелерін пысықтайды. Сонымен қатар, біз жиында сабақтың әр минуты пайдалы болатындай етіп жоспарладық, – дейді аумақтық қорғаныс бригадасының командирі, полковник Ержан Сартбаев.

«Ақтас» оқу полигонында теориялық және практикалық сабақтар өтті. Оқу-әскери жиынның қорытынды кезеңінде запастағы әскери қызметшілер тосқауыл бекетінде қызмет атқару, қарауылдық қызмет және қарсыласқа тосқауыл қою сияқты практикалық жаттығуларды орындады.

Әскери жиын кезінде әскери міндеттілердің орташа жалақысы сақталады. Сонымен қатар, арнайы төлем, тамақтану, киім-кешек және басқа да материалдық-техникалық жабдықтар қарастырылған. Жиынға шақырылғандардың барлығы өз уақытында мерзімді әскери қызмет атқарғанын атап өткен жөн.

 

 

Оқылды 108 рет