Жексенбі, 07 Желтоқсан 2025 14:05

Түркістан облысы: Мақтааралда Ж.Қалшораев ауылына табиғи газ берілді

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 34 жылдық мерекесі қарсаңында Мақтаарал ауданы Достық ауылдық округіне қарасты 3 мыңға жуық тұрғыны бар Ж.Қалшораев ауылына табиғи газ берілді. Көп жылдан бері күткен игіліктің жүзеге асуы ауыл халқының тұрмыс сапасын жақсартып, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған маңызды қадам ретінде бағалануда.

Ауылға көгілдір отынның қосылуына орай ұйымдастырылған шараға аудан әкімі Бақыт Асанов арнайы барып, тұрғындардың қуанышымен бөлісті. Әкім ауыл халқына жаңа мүмкіндіктің құтты болуын тілеп, бұл жобаның мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған зор қолдаудың нәтижесі екенін атап өтті. Оның айтуынша, табиғи газ – тұрғындардың күнделікті өмірін жеңілдететін, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін және экономикалық тұрғыдан тиімді ресурс. Ж.Қалшораев ауылының тұрғындары үшін бұл – тұрмыс сапасын арттыруда үлкен серпіліс. Бұрындары сұйытылған газ баллондарын пайдаланып келген халық енді қауіпсіз әрі үздіксіз жылу көзіне қол жеткізді. Бұл, әсіресе, қыс мезгілінде тұрғындарға барынша қолайлы жағдай жасаумен қатар, экологиялық тұрғыдан да тиімді шешім болмақ.

Аудан басшысының айтуынша, елді мекендерді газға қосу жұмыстары жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл өз кезегінде аудан халқының әл-ауқатын арттырып, ауылдардың әлеуметтік инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтермек. Жалпы 2026 жылы аудан 100 пайыз табиғи газбен қамтамасыз етілмек. Ауыл ақсақалдары мен тұрғындары аудан әкімдігіне және іске атсалысқан мамандарға алғыстарын айтып, табиғи газдың келуі – ауыл өмірін жаңа арнаға бұратын қуанышты оқиға екенін жеткізді.

Биыл Түркістан облысында елді мекендерді газдандыру бойынша 64 жобаға тиісті қаржы қаралды. Осы жылы 34 елді мекендегі 38 жобаның құрылысы аяқталады. Ал 16 елді мекендегі 26 жоба келесі жылға өтпелі. Жалпы облыс елді мекендерін 2027 жылға дейін газдандырудың іс-шара жоспары бекітілген. Жоспарға сәйкес, 2027 жылы газдандырылған елді мекендер санын 765-ке жеткізу көзделуде. Қажетті қаржы бөлінген жағдайда, жоспар толық орындалмақ. Қалған 42 елді мекен шалғай орналасқан, халық саны аз, экономикалық жағынан тиімсіз елді мекендер.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровгаздандыру жұмыстары төмен деңгейде жүргізіліп жатқан аудан, қала әкімдерін сынға алып, бірқатар міндет жүктеп келеді. Апталық аппарат жиындарының бірінде өңір басшысы – Ең басты мақсат – біздің жеткізген табиғи газды халықтың пайдалануы. Аудан, қала әкімдері тиісті мекемелермен бірлесіп, нақты жұмыстарды жүргізу қажет. Газ құбыры жүргізілген елді мекендерде тұрғын үйлерді газға қосу жұмыстарын ұйымдастырыңыздар. Атқарылған жұмыстар бойынша күнделікті мәлімет ұсынып отыруды тапсырамын. Елді мекендерді 100% табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылға бекітілген көрсеткіштердің толық орындалуын қамтамасыз етуді, аудан, қалалардағы газ нысандарына қатысты анықталған кемшіліктерді шұғыл түрде ретке келтіруді тапсырамын, – деп, кемшіліктерді қалпына келтіруге уақыт берген болатын.

Жиында өңір елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету туралы Облыстық энергетика және тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев есеп берді. Оның мәліметінше, облыс елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. 2024 жылдың қорытындысымен республика халқының орташа газбен жабдықталу көрсеткіші 62,4% құрады. Оның ішінде, Түркістан облысында 85,5% халық немесе 563 елді мекен (69,7%) табиғи газбен қамтылып, өңірлер арасында 8 орында тұр.

Өткен жылы облыс аумағында 115 нысанның құрылысы іске асырылды. Соның ішінде, 70 нысанның құрылысы аяқталып, 45 нысанның құрылысы 2025 жылға өтпелі болды. Бүгінде Арыс, Кентау қалалары мен Отырар, Сауран, Ордабасы аудандарында табиғи газбен қамту деңгейі төмен. Ал, Созақ ауданы мүлдем газдалмаған. Қазіргі уақытта Созақ аудандағы АГТС мен елді мекендегі нысан құрылысы толығымен аяқталып, қосылу нүктесі Жамбыл облысы Жаңатас қаласындағы «Еврохим-Қаратау» нысаны болғандықтан, жоба құрылысының аяқталуы күтілуде.

Сонымен қатар Түркістан қаласында жаңа өндіріс орындарының ашылуына байланысты тауарлық газға сұраныс артуда. Қолданыстағы қуаттылығы 100,0 мың м3/сағ құрайтын №15 «Түркістан» АГТС-і жүктемелік режимде жұмыс істеуде. Осы орайда, қаланың табиғи газ қуаттылығын арттыру мақсатында қосымша АГТС орнатуымен айналма газ құбырының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Қазіргі таңда жобаның газ құбыры трассасының топотүсірілім жұмыстары жүргізіліп, мүдделі органдармен келісілуде. Жоспарлау, жоба әзірлеу бағытындағы кемшіліктер айтылып, тиімсіз жобалар әрдайым ортаға салынып келеді. Газдандыру нысандарын коммуналдық меншіктен «Qazaq Gaz Aimaq» АҚ теңгеріміне өткізу мәселесі талқыланып, шешу жолдары қарастырылуда.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 136 рет