Сарыағаштан келген тұрғындар Ердәуіт ауылындағы теміржол станциясының құрылысына байланысты өздеріне тиесілі жердің мемлекет мұқтаждығына жартылай алынуымен келіспейтінін жеткізіп, ұсыныстарын ортаға салды. Облыс әкімінің орынбасары жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару заңдылығын түсіндіріп, сұрақтарына жауап берді. Төлеби ауданының азаматы Біркөлік ауылындағы заңсыз берілген жер телімдеріне қатысты мәселе көтеріп, шара көруді сұранды. Нұрбол Тұрашбеков облыстық Жер қатынастары басқармасының басшысына Жер ресурстарын басқару департаментімен бірлесіп комиссия түзуді тапсырып, зерделеу жүргізуді жүктеді. Нәтижесі бойынша заң аясында нақты ұсыныс енгізуді ескертті.
Түркістандықтар қалалық Жер қатынастары бөлімінің еңбек шартына қатысты шағымын, сондай-ақ, жеке өтініштерін айтып, көмек сұрады. Жалпы, облыс әкімінің орынбасары жыл басынан бері 11 рет жеке қабылдау өткізіп, 77 азаматты қабылдаған. Жеке қабылдауларда жер саласы бойынша 37 мәселе, ауыл шаруашылығына қатысты 17 мәселе, табиғатты қорғау саласы бойынша 6 мәселе, ветеринария саласы бойынша 3 мәселе көтерілген. Барлық мәселелердің заңдылығы сараланып, тиісті жұмыстар атқарылды. Айта кетейік, облыс әкімі мен оның орынбасарлары азаматтарды жеке қабылдауды тұрақты түрде жалғастыратын болады. Жеке қабылдауға жазу жұмыстарын Түркістан облысы әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау бөлімі жүргізеді. Қабылдауға egov.kz порталы, е-otinish бірыңғай базасы арқылы және «Ашық әкімдік» кеңсесіне келіп, жазбаша өтініш тастау арқылы жазылуға болады.
Қоғам мен билік арасындағы ашық әрі сенімді қарым-қатынас орнату – кез келген мемлекеттің басты саясаты. Осы тұрғыда азаматтарды жеке қабылдау – мемлекеттік органдар мен тұрғындар арасындағы тікелей және шынайы диалог орнатудың маңызды құралы саналады. Бұл тек формалды рәсім емес, нақты мәселені шешуге бастайтын пәрменді тетік. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 90-бабына сәйкес мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары мен олардың орынбасарлары азаматтарды және заңды тұлғалардың өкілдерін, оның ішінде осы органдардың қызметкерлерін айына кемінде бір рет, тиісті мемлекеттік органның басшысы бекіткен қабылдау кестесіне сәйкес, жеке қабылдауға міндетті екені нақты көрсетілген. Бұл – заңмен бекітілген жауапкершілік қана емес, сондай-ақ қоғаммен байланыс жасаудың жүйелі жолы.
Цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірінде көптеген қызмет түрі онлайн форматқа көшкенімен, жеке қабылдаудың маңыздылығы төмендеген жоқ. Керісінше, ол – азамат пен шенеунік арасындағы диалогтың баламасыз алаңы деп есептеледі. Қабылдау барысында отандастарымыздың жүгінген мәселесіне деген эмоциясын тікелей сезініп, жазбаша өтініштерде назардан тыс қалып, көрінбей қалатын тұстарды аңғаруға болады. Бұл әсіресе жағдай шұғыл шешім қабылдауды талап еткенде аса маңызды. Бүгінде тәжірибе барысында байқағанымыз, қабылдаулар кезінде ресми есептерде айтылмайтын, жиі назардан тыс қалатын мәселелер көтеріледі. Мысалы, заңнамадағы олқылықтар, нормалардың жергілікті жерлерде тиімді қолданылмауы, заң мен шынайы өмір арасындағы алшақтық. Осы аталған мәселелердің көпшілігінің жеке қабылдауларда шешіліп жатқаны да жасырын емес.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат