Сенбі, 05 Желтоқсан 2020 21:58

Жетісай ауданында «Халықтық кеңсе» ашылды

Түркістан облысы, Жетісай ауданы әкімдігі ғимаратынан тұрғындарға көрсетілер мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсарту мен халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында «Халықтық кеңсе» орталығы ашылды.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында ашылған орталықта бір мезгілде азаматтарды қабылдау, құқықтық кеңес беру, қолжетімді әрі сапалы қызмет көрсету жұмыстары қарастырылған.

Орталықтың салтанатты ашылу рәсіміне Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай мен аудан әкімінің орынбасары Асан Маханбетов, аудан прокурорының орынбасары Мақсат Ералиев қатысты.

Аудандағы мекеме және бөлім басшыларымен кездесу өткізген департамент төрағасының бірінші орынбасары елдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарылып жатқан жұмыстар мен нәтижелері жайында айтып өтті. Заңдарға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға тоқталды. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдап, салдарын саралады. Атқарылған жұмыстардың барысын арнайы дайындалған слайдтармен түсіндірді.

«Бүгінгі күні Агенттіктің бастамасымен ел аумағында мемлекеттік органдардың жұмысы «Open space» форматына көшірілуде. Бұл халыққа барынша қолайлы жағдай туғызып, ашықтық пен жариялылықты, сондай-ақ, жұмыс сапасының артуы мен тұтынушылардың кедергісіз қызмет алу мүмкіндіктерін қалыптастыруда. Бүгінгі ашылған орталық жетісайлықтарға тиімді қызмет көрсетіп қана қоймай, сыбайлас жемқорлық фактілерін азайтуға ықпал ететін болады», деді Мирас Қарғабай.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат

 

Оқылды 1033 рет