Сейсенбі, 23 Қараша 2021 11:49

Түркістан: Кентауда 100 көпқабатты үй жөндеуден өтіп жатыр

Түркістан облысы, Кентау қаласында көпқабатты 100 тұрғын үйді жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін 2019 жылы 1074,2 млн теңгеге 44 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өткен болатын. Жалпы Кентау қаласында 368 көпқабатты тұрғын үй бар. Кезең-кезеңімен осы баспаналарды күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған.

2020 жылға облыстық бюджеттен 32 көпқабатты тұрғын үйге тиісті қаржы қаралып, жөндеу жұмыстары атқарылды. Бүгінгі таңда қалған 100 көпқабатты тұрғын үйге республикалық бюджеттен 3 274 350,0 мың теңге қаржы қаралып, жұмыстар басталып кеткен. Үйлер жыл соңына дейін толық жаңғыртылады.

Кентауда көпқабатты үйлердің аулаларын толықтай жөндеуден өткізу де қолға алынды. Аулаларға аяқжолдар салынып, ішкі жолдар асфальттанады. Заманауи қоқыс алаңы қойылып, соңғы үлгідегі балалар ойын алаңшалары орнатыла бастады. Бүгінде Кентаудағы Абай, Д.Қонаев, С.Сейфуллин, Ясауи көшелерінің бойындағы бірқатар үйлердің аулаларына ойын алаңшалары салынып, жол төселген. Өзге көшелердегі аулалар да назардан тыс қалмай, бұл жұмыстар 2022 жылдың соңына дейін жалғасады.

«AQ-QARA.KZ-ақпарат»

 

Оқылды 358 рет