Жұма, 16 Қыркүйек 2022 23:57

ШЫМКЕНТ: ҚАЛА ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ КЕЗЕКТІ ҚАБЫЛДАУЫН ӨТКІЗДІ

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының талаптарына сәйкес, бүгінде елімізде барлық деңгейдегі әкімдер мен олардың орынбасарларына тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істеу жүктелген.

Осыған орай, бүгін Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан кезекті рет азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Бұл қабылдауды «AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалы және Шымкент қаласы әкімінің аппараты ұйымдастырды.

Қала әкімі бірінші орынбасарының қабылдауына жалпы 10-ға жуық азамат жазылған екен. Қабылдауға келген тұрғындардың бірқатары жұмысқа орналасу, жалақы қарызын өндіру мәселелері бойынша көмек сұрады. Сонымен қатар әлеуметтік қолдау көрсету, білім беру мен мәдениет салаларын дамыту жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.

Ш.Мұқан қабылдауға келген барлық азаматтардың сұрақтары мен ұсыныстарын, талап-тілектерін мұқият тыңдап шықты. Кейбір мәселелерді құқықтық тұрғыда түсіндіріп берсе, кейбірі жөнінде жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.

Шыңғыс Жұмабекұлы қабылдау кезінде қозғалған барлық мәселелердің заң талаптарына сай шешілетінін жеткізді.

Айта кетейік, қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқанның жеке қабылдауы аптаның әр жұма күнінде өткізіледі.  Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес өңір әкімдерінің тұрғындармен тоқсан сайын кездесуі тапсырылған болатын. Жаңа жылдан бері қала басшысы М.Әйтенов мегаполистегі барлық 72 елдімекенді аралап, онда 374 мәселе көтерілгенін жеткізді. Әрбіріне жеке хаттамалық тапсырма жазылып, орындалуы қатаң бақылауда болды. Нәтижесінде бүгінге дейін 78 мәселе шешілді, 249-ы жыл соңына дейін шешіледі, 47 мәселе 2023-2025 жылдары шешімін табады. Аралаудан бөлек, ай сайын аудан белсенділерімен әкімдік ғимаратында қабылдаулар өтті. Онда атқарылған жұмыстар нәтижесі баяндалып, белсенділермен мақұлданып отырды.

Оқылды 228 рет