Дүйсенбі, 22 Мамыр 2023 21:11

ШЫМКЕНТТЕ КӨШЕЛЕРГЕ АТАУ БЕРУ ЖӘНЕ ҚАЙТА АТАУ БОЙЫНША ҚОҒАМДЫҚ ТЫҢДАУ ӨТТІ

Бүгін Шымкент көшелеріне атау беру және қайта атау бойынша кезекті қоғамдық тыңдау өтті. Жиынға қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы мен Шымкент қаласы мәслихаты депутаттарынан құралған тұрақты комиссия мүшелері қатысып, жиналған қала тұрғындарының жаңа көше атауларға байланысты ойларын тыңдады.

— Көше атауларын нақтылау бойынша жыл басынан бері үш рет бас қостық. Бізге 211 құрамдас бөлікке, оның ішінде 11 шағынаудан, 197 көше, 1 аллея, 2 көшенің транскрипциясын түзеу мәселесі қарастырылған. Жаңадан құрылған Тұран ауданында жүзден астам жаңа көше бар. Келешекте олардың барлығына да атау беріледі. Өйткені бұл жұмысты ширату қала тұрғындары үшін маңызды болып тұр. Көшелерде жаңа атаулар пайда болып, картаға енгізілсе, «Жедел жәрдем» секілді халыққа қызмет көрсетуші мекемелерге мекенжайды тауып бару жеңілдей түсер еді, - деді тұрақты комиссияның төрайымы Дария Қожамжарова.

Жиында басқарма басшысы баяндама жасап, ұсынылған атауларды халыққа таныстырды. Дегенмен, ұсынылып отырған кейбір атаулар қолдау таппады. Қоғам белсенділері көше атаулары тұрғылықты жердің ерекшелігімен байланысып, құлаққа жағымды, отансүйгіштікке шақыратындай, рухты болуы керек, дейді. Қоғамдық тыңдауға жиналған қала тұрғындары жаңа көше атауларға байланысты өз ойларын ортаға салды. Жиын соңында тұрақты комиссия бұл мәселені қайта қарайтындықтарын айтты.

Атап өтсек, қазір қалада көше атаулары жазылған тақтайшаларға да мән беріле бастады. Бүгін осыған байланысты бірнеше көшенің дұрыс жазылмағаны айтылып, түзетуге ұсыныс жасалды. Еске сала кетейік, қала аумағына кейіннен қосылған 40 елдімекенде атауы бірдей Ә.Молдағулова, М.Мәметова, А.Құнанбаев, Ю.Гагарин көшелері анықталған. Халық қалаулыларының жалпы тыңдалымында аталған көшелерге қайта атау беру мәселесіне қатысты ұсыныстар қаралған. Мысалы, Абай ауданына қарасты Игілік тұрғын алабындағы Ю.Гагарин көшесін – Айсакөл, ал Еңбекші ауданы Жұлдыз тұрғын алабындағы Ю.Гагарин көшесін – Асубұлақ деп өзгерту енгізуді ұсынған.

Оқылды 164 рет