Жұма, 04 Желтоқсан 2020 14:38

Түркістан: Әлеуметтік кодексінің тұжырымдамасы талқыланды

Арнайы жұмыс тобы Түркістан қаласында ұйымдастырушылық жиналыс өткізді.

Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыруға бағытталған  Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын іске асыру мақсатында  ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау минстрлігімен халықты әлеуметтік қорғау саласын реттейтін заңнамалық актілерді жүйелендіріп, біріктіріп Әлеуметтік кодексінің (Әлеуметтік қамсыздандыру Кодексі) тұжырымдамасын әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Арнайы жұмыс тобы Түркістан қаласында ұйымдастырушылық жиналыс өткізді. Оған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты қызметкерлері жұмыс және сараптама тобының мүшелері, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұ.Тәжібаев, облыстық «Nur Otan» партиясының өкілдері, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарының директорлары, үкіметтік емес ұйымдар және БАҚ өкілдері қатысты.

- Түркістан облысында 94 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азаматтар, 50 мыңнан астам көпбалалы аналар мен 770 мыңнан астам  зейнеткер тұрады. Бұл көрсеткіштер бойынша облысымыз елімізде 20-25 пайызын құрайды. Арнайы жұмыс тобының осында келіп, жаңа әлеуметтік кодекс бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуінің өзі облыстың маңызды аймақтар қатарында екендігін білдіреді. Бұл тұрғыда тәжірибеміз бар. Және, алдағы уақытта халықтың жағдайын жақсарту үшін жұмыс жасайтын боламыз, - деді облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев.

Қатысушылар алдында «Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі – қазіргі Қазақстанның құқықтық жаңалықтарының бірі»  тақырыбында Әлеуметтік кодексті әзірлеу тобының аға сарапшысы Жұмахан  Жүкенов тұжырымдамамен таныстырып, ұсыныстар мен пікірлерді жолдайтын әлеуметтік желілердегі парақшаларды ұсынды.

Кеңес барысында кодекс бойынша мүдделі талқылау және пікір алмасулар болып, нақты ұсыныстар айтылды. Жиналысқа қатысушылар алдағы уақытта дайындалатын Әлеуметтік кодекстің жобасын қосымша талқылау қажеттігін бір ауыздан қолдады.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат

 

Оқылды 493 рет