Бейсенбі, 10 Қараша 2022 01:10

Отырарда жастарды салтанатты түрде әскерге шығарып салу рәсімі өтті

Ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы тағатсыздана тосып, армандаған тәуелсіздікке қол жеткізілген 1991 жылдан кейінгі 1992-1993 жылдар еліміздің тарихында алтын әріппен жазылатындай ерекше елеулі оқиғаларға толы болды. 1992 жылғы 7 мамырда Қазақстанның Қарулы күштері құрылып, бұл күн бұрынғы Кеңес Одағының әскері мен әскери күні деп мерекеленетін 23 ақпанның орнын алмастырды.

Ия, тәуелсіз елімізге тірек болу, оның шекарасы мен тыныштығын кірпік қақпай күзету елжанды әрбір азаматтың қастерлі де қасиетті борышы. Елімізде әр жыл сайын көктемде және күзде осындай қасиетті азаматтық борыштарын өтеуге тиісті жастарды салтанатты жағдайда әскер қатарына шығарып салу рәсімі өтіп жатады.

Дәл осындай игілікті іс-шара бүгін аудандық Мәдениет сарайының кең залында ортаға ту әкелініп, мемлекеттік әнұранның асқақ әуені шырқалынған жағдайда аталып өтті. Шарада аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов пен облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, тәрбие-идеологиялық және әскери жұмыстар басқармасының бастығы, подполковник Жандос Күлдербаевтарқұттықтау сөз айтып, әскер қатарына аттанғалы отырған ел тірегі жастарға ақ жол, сәтті сапар тіледі.

Жиында еліміздің Қарулы күштерінің қатарын отырарлық жастармен толықтыруда елеулі еңбек сіңіріп жүрген Айдос Құлмаханұлы облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің Алғыс хатымен марапатталса, аудан әкімі Сәкен Сұлтанхановтың атынан әкімнің орынбасары бір топ лайықты азаматтарға Алғыс хаттар табыстады.

Ер жігіттерді әскер қатарына шығарып салу жиынында сондай-ақ ауған соғысының ардагері, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің директоры Жангелді Махашов сөз алып, ізгі ниетті жылы лебізін білдіріп, ауған соғысының белсенді қатысушысы, генерал-лейтенант, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаевтың Алғыс хаттарын тапсырды.

«Қазақтың жігіттері», «Қазақстан», «Сарбаздар маршы» секілді қанды қыздырып, намыс пен жігерді жанитын асқақ үнді патриоттық әндер шырқалған басқосуда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзабай Өксікбаев болашақ сарбаздарға мағыналы да мәнді сөздері арқылы сәттілік тіледі. Салтанатты жиында «Айбынды жастар жаңа Қазақстанның тірегі» атты тақырып аясында арнайы бейнебаян көрсетіліп, автоматты шашып, шапшаңдықпен қайта жинап, құрастырудан көріністер корсетілді. Сөйтіп мағыналы жиын ойдағыдай қорытындыланды.

Әскер – өмір мектебі. Барып келгендердің пікірінше, азаматтың өмірге деген көзқарасын өзгертіп, тәртіпке салатын, Отанына, отбасы мен туған-туысқандарына деген сүйіспеншілігін арттыратын өмір мектебі. Осы мектеп майданында шыңдалып, жауапкершілікті сезініп жүрген азаматтар бүгінде қоғамның түрлі саласында еңбек етіп, отбасы мен  мемлекеттің жанашырларына айналуда. Тіпті өмірін осы әскери саламен байланыстырған ер-азаматтар қаншама?! «Армия – мемлекет қуаты» десек, сол сапта жүріп, өз өмірін оң өзгерістермен ұштастырып, жетістікке жетіп жатқандары да жетерлік. Әскери өмірдің алғашқы баспалдағы жер-жерде әскери бөлімшелерден басталады десек қателеспеспіз. Әскери бөлімше деп отырғанымыз әрине аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімшелер. Дәл қазіргі уақытта осы бөлімшелердегі жұмыс қарбалас. Себебі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 5 ақпандағы №503 Жарлығына сәйкес, ел көлемінде мерзімді әскери қызметке сәйкес азаматтарды шақыру және аттандыру жұмыстары басталып та кетті. 2020 жылы еліміз бойынша әскер қатарына 34 мың азамат шақыртылса, биыл да осы көрсеткішті орындау көзделуде. Осы ретте салмақтың барлығы аймақтардағы облыстық және аудандық қорғаныс істері жөніндегі басқармалар мен бөлімдерге түскелі тұр. Әрине жұмыс сол болғандықтан тапсырма орындалады, сенім ақталуға тиіс.

Әлем әзірге әскерден бас тартып, қару-жарақты сылдырлатпай, ұрыс-керіссіз, соғыссыз өмір сүруге жеткен жоқ. Жер шарында өзіне де қатер төндірмейтін сенімділік те әлі пісіп-жетілмеді. Ол мүмкін емес те шығар. Әркімнің тиесілі жерін қорғаудың коды адам атанғалы генетикасына жазылып қойған болуы керек. Қанда бар ғадетті алып тастауға күшті дамыған медицинаның да шамасы келмейді. Әскер әуел баста қауіпсіздіктің қалқаны, тұрақтылықтың тірегі ретінде санаға берік орнаған. Оның ақиқаттығын уақыт та дәлелдеді. Сол себепті, бүгінде әлем елін мұздай құрсанған әскерсіз елестету мүлдем қиын. Бес қаруы сай әскері жоқ елді қазір мына әлем «әлеуеті жоқ» деп, кем көреді. Есігін теуіп кіріп, төріне озуды да ойына алмайды деп айта алмайды ешкім. Сол кезде әскер – сес, әскер – айбын, әскер – мәңгі қарауыл.

Одақ ыдырағанда оның құрамындағы республиканың бірде-бірінде өзінің дербес экономикасы тұрмақ, біреу әлімжеттік жасаса, «әй!» деп айбат көрсететін әскері де жоқ еді. Бәрі Одақтыкі-тін. Тәуелсіздігін жариялған мемлекеттер азаттығын сақтап қалатын сарбазының қандай күші, нендей қару-жарағы барынан да жетік біле қоймайды. Алып империя ыдырап ала жөнелгенде, оның алып әскери арсеналы да бөліне бастаған. Ал, әскерсіз мемлекеттің ен жатқан жеріне әркімнің көз алартуы мүмкін еді. Сол кездегі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев дереу 1992 жылы 7 мамырда Қазақстанның қарулы күштерін құрды.

Әскер үштіктен тұрды: Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы күштері және Әскери-теңіз күштері. Сол уақытта, яғни, 90-жылдары әскери қызметкерлердің саны 200 мың адам шамасында екен. Бүгінде 167 мың ер-азамат елдің тыныштығын күзетеді.

Сол дуалы ауыз халықаралық сараптама орталығының айтуынша, Қазақстан әскері мықты әлемдегі 100 елдің қатарында. Атақты Global Fire Power рейтингісінде әлемдегі әскери күш жөнінде 63 орынға ие. Бұл тізімде – әлемнің 140 елі тұр. Мұнда әскердің әлеуеті 50 көрсеткішпен өлшенеді. Сол көрсеткіштер жиналып, ел индексін шығарады. Ол индекс – 1,0286. Былай қарағанда, төмен көрсеткіш емес.

Десек те, әскердің қамал алдырмас қайратын білдіруі үшін рейтингтің мінсіз бағасы – «0,0000» болуы керек екен. Индекс мәні неғұрлым азайса, елдің жауынгерлік әлеуеті соғұрлым күшті есептеледі онда. Бұндай қаружарағымен тас түйін тұрған АҚШ, Ресей, Қытай, Үндістан және Жапония дейді Global Fire Power.

Көршілер арасында Ресей мен Қытай, Өзбекстан әскерінен соңғы орынды біздің әскер иеленепті. Қырғызстан мен Түрікменстан Қазақ-станға есе жібереді. Талдауда әскери жағынан ең әлсіз – Бутан, Косово және Либерия сияқты елдері. Бұлардың дерегінше, Қазақстан әскерінде 238 ұшақ (оның 80-і-истребитель), 75 тікұшақ (оның 22-сі-жауынгерлік тікұшақ), 96 әуежай 300 танк, 1200 бірлік бронетехника, 124 сауда флот, 5 порт және сауда терминалы бар.

Рейтинг, жоғарыда атап өткеніміздей, Қазақстанда 167 мың әскери қызметші барын, бұл – ел халқының барлық санының 0,9%-ы екенін атап отыр.

Соның ішінде, Құрлық әскерлері – жеке құрам бойынша Қарулы күштердің ең ауқымдысы. Шамамен, Құрлық әскерінде 50 мыңға жуық адам қызмет етеді. Олардың негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығын, оның егемендігін, мемлекеттік және әскери объектілерді, құрлық шекараларын қорғау, бітімгершілік миссияларға қатысу. Сондықтан да, елдің құрлық әскерінде үміт зор.

Әуе қорғанысы күштерінде авиациялық техника жетерлік. Ашық ресурстағы мәліметтерге сүйенсек, әуе қорғанысы күштері ұшқыштарының ұшу шеберлігінің деңгейі өте жоғары. Көрсеткіш жылына 100-150 ұшу сағатын қамтиды. Ол Ресей Федерациясының әуе күштеріндегі көрсеткішпен пара-пар деседі. Расында, құрлық пен әуе күштерінің одақтан қалған аздыкөпті тәжірибесі бар-тын

Ал, әскери-теңізге келгенде, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еліміз кеме-қайықтан құр алақан еді. Сол кезеңді көзімен көрген, Қарулы күштің құрылуының басы-қасында жүрген тұлғалар Елбасының әскери-теңіз күшін құрудағы көзсіз батылдығына әлі тамсанады. Бірде-бір кемесі, сүңгуір қайығы жоқ елдің ондай күш құруы жоқтан бар жасау еді сол сәтте. Мысалы, деректер ең алғашқы сүңгуір қайықтың елімізде теңізге 2001 жылы түскенін айтады. Арада 9 жылдан кейін. Осының өзі біраз жайтты аңғарса керек-ті.

Каспий бассейнінің ерекшелігіне, сондай-ақ геосаяси жағдайға байланысты Әскери-теңіз күштерінде шағын кемелер мен қайықтар бар. Мәлім ақпараттар «оның шамамен саны – 20-22» дейді.

Әрине, бір шағын шолу елдегі әскердің қабілетін толық ашып бере алмайды. Режимдік нысан, әрі әскери құпия ретінде ақпараттың бәрі ашық жарияланбайтынын ескерсек, бұл – білетініміз де бізге аз азық емес. Ең негізгісі, әскеріміз бар. Ол әлемдегі мықтылардың 100- дің ортасында. Дұшпанның ел шетін баспауы үшін, басынып, қоқан-лоққы көрсетпеуі үшін әлемде бүгінде ең маңызды осы болып тұр емес пе?!

 

Оқылды 2507 рет