Сәрсенбі, 22 Маусым 2022 08:16

ШЫМКЕНТТЕГІ №65 ПЕН № 45 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯЛАРЫ ЖӨНДЕУДЕН ӨТІП ЖАТЫР

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов №65 Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-гимназиясының қосымша ғимарат құрылысымен танысты. Сайрам шағынауданында орналасқан білім ұйымына оқушы санының артуына байланысты ғимарат қажеттілігі туындаған.

2021-2022 оқу жылында №65 мектеп-гимназияда 3 268 оқушы білім алды. Сыйымдылығы 1251 оқушыға арналған ғимаратта 3 ауысымда сабақ жүргізілген. Жаңа ғимарат бой көтерсе, екі ауысымда мыңнан аса оқушы білімін жалғастыра алады. Осы орайда, аталмыш білім ұясына қосымша ғимарат салу қолға алынды.

Жобада 25 оқушыға лайықталған 24 сынып бөлмесі, ашық спорт алаңы, онда футбол мен жүгіруга арналған арнайы жол және есік алдына субұрқақ, қоқыс контейнерлеріне арналған орын қаралып отыр.

Қосымша ғимарат қажеттілігі жөнінде 2021 жылы сынама өткізіліп, оң қорытындысы шыққан. Қазір құрылысқа бөлінген жер көлемінің аумағы 0,92 га, құрылыс ауданы 1995,85 шаршы метрді құрайды.

Осы жылдың наурыз айында басталған жұмыстар 2023 жылдың тамызында аяқталып, нысан пайдалануға берілмек.

Ал,  №45 мектепке жапсарлас ғимарат салынуда.

Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов келесі кезекте  № 45 мектеп-гимназиясының жанына салынып жатқан қосымша құрылыстың жұмыс барысымен танысты. Құрылыс Ш. Қалдаяқов көшесінің бойында 1,2909 га жер аумақта жүргізілуде.

300 орындық жапсарлас ғимараттың бас мердігері – «ЖАҢА АРНА 2002» ЖШС. Жоба бойынша мұнда жаттығу және гимнастикалық сабақтарға арналған спорт залы қарастырылған. Әрбір сынып 25 оқушыға шақталған 12 сынып болмақ. Сонымен бірге қосымша 33 жаңа жұмыс орны құрылады. Құрылысы наурыз айында басталған нысан келесі жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Қос мектептің қосымша құрылыстарын көрген әкім мердігер компанияларға жұмысты сапалы істеуді тапсырды. Балалардың білім ұясының кестеге сай аяқталуын өзі қадағалайтынын да айтты.

 

Оқылды 1883 рет