Сенбі, 07 Қараша 2020 17:34

Түркістан облысында вирусты пневмониямен 35 науқас ем қабылдауда

Түркістан облысындағы инфекциялық стационарларда 35 науқас вирусты пневмониядан және 1 науқас коронавирус инфекциясынан ем қабылдауда.

Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.

 Барлығының жағдайы қанағаттанарлық. Өкпені жасанды желдету аппаратына жүгіну қажеттілігі туындамаған. Дәрігерлердің көмегіне жүгінген науқастардың арасында балалар тіркелген жоқ.

Өңірде пандемияның ықтимал екінші толқынына дайындық күшейтілген. Қазірдің өзінде инфекциялық стационарларда 600 төсек-орын жасақталған. 340 төсек-орындық карантиндік стационар қызмет көрсетуде.

Індеттің белең алу мүмкіндігі ескеріле отырып, медициналық ұйымдарда 6000-ға жуық төсек-орын қарастырылған. Барлық емдеу мекемелерінде дәрі-дәрмектің 2-3 айлық қоры қамтамасыз етілген. Коронавирус инфекциясын анықтайтын 10 зертхананың тәулігіне 5000 сынама алу мүмкіндігі бар. Аймақта жалпы күні бүгінге дейін 220 мыңға жуық сынама алынған.

Жалпы Түркістан облысы бойынша пандемия басталғалы коронавирус инфекциясын жұқтырған 3421 жағдай тіркелген. Олардың ішінде 2380 азаматта ауру симптомсыз өткен. 3352 науқас жазылып шықты.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат

 

Оқылды 92 рет