Сейсенбі, 06 Сәуір 2021 17:48

Шымкентте созылмалы ауруы бар азаматтарға ковидке қарсы вакцина салынуда

Созылмалы ауруға шалдыққандарға екпе егу жұмыстары жергілікті тіркелген емханаларында жүргізілуде.

Дәрігерлердің айтуынша, диспансерлік есепте тұратын азаматтардың коронавирусты жұқтыру қаупі жоғары деңгейде. Әрі созылмалы ауруы бар науқастардың басым бөлігі коронавирус инфекциясын ауыр өткереді екен. Сондықтан инфекциядан сақтанудың бірден бір жолы - вакцина салу.

Айта кетейік, бүгінге дейін Шымкент қаласына 29 400 доза ковидке қарсы вакцина жеткізілген. Қолданыста - ресейлік «Спутник V» вакцинасы. Инфекцияға қарсы 9598 азаматқа екпе салынды. Олардың басым бөлігі - медицина мамандары.

Айта кетейік, жуырда қала әкімі Мұрат Әйтенов пандемияға байланысты құрылған жедел штабтың кезекті отырысында қалада коронавируспен күрестің 3 сценарийі әзірленгенін айтып, өткен жылғы қателіктердің орын алмауын баса айтқан болатын.

«Қазір А сценарийі бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл сценарий бойынша 1380 төсек-орын дайын. B және С сценарийлері бойынша 5 мың төсек-орынға жеткізуіміз керек. Әр аймаққа жеткен кезде тиісті құрал-жабдықтармен, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету бас дәрігерлердің міндеті. Сонымен бірге олар науқастарды қабылдау алгоритімін әзірлеуі тиіс. Адамдардың жиналып қалуын және кезек күтпеуін қамтамасыз етуі керек. Дайындықтар пысықталып, кемшіліктер анықталып, шешім жолдары қаралсын»,-деді М.Әйтенов.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат

 

Оқылды 627 рет