Сенбі, 11 Маусым 2022 17:18

ШЫМКЕНТТЕ АЛҒАШ РЕТ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРИСТІК СЛЕТ ӨТТІ

Шымкентте алғаш рет Орталық Азиядағы туристік ақпараттық орталықтардың Халықаралық І слеті өтті.

Бұл шара Шымкент қаласы туризм және сыртқы байланыстар басқармасының «Visit Shymkent» орталығының ұйымдастыруымен өткізілді.Аталған іс-шараға қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов қатысып, келген орталық өкілдеріне алғыс білдірді. Жалпы, кездесуге Өзбекстан елінің 8 облысынан өкілдер арнайы келсе, Қырғыстан, Тәжікстан, Әзірбайжан республикалары мен “Kazakh tourism” ҰК онлайн түрде қатысты. Одан өзге, еліміздің 7 аймағынан, яғни "Тараз-туризм", "Visit Aqmola", "Zhetysu Travel”, Семей, “Turkistan Tourism Center”, Visit Nur-Sultan, Шығыс Қазақстан облысының визит орталықтары да қатысты.

 

–Шымкент – Қазақстанның оңтүстігіндегі ең ірі қала. Мұнда жылына 300 күн аспан ашық болып, күн күлімдеп тұрады. Біз үшін осы әлеуетті тиімді пайдаланып, туризмді қала экономикасының жетекші саласына айналдыру өте маңызды. Міне, осы тұрғыдан алғанда өзге өңірлермен және көршілес елдермен ынтымақтастық орнатып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін бүгінгі шараның маңызы зор, – деді  Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов өз сөзінде.

 “Шымкент – оңтүстік өңірінің туристік орталығы. Қала маңына Ақсу Жабағылы қорығы, Сайрам-Өгем ұлттық саябағы, Қасқасу, Біркөлік сынды табиғаты тамаша демалыс аймақтары мен киелі Түркістан жақын орналасқан. Сондықтан оңтүстік өңірінің тарихи  

сакралды туризміне саяхат Шымкент қаласынан бастау алатынын нақты айта аламыз. Осы ретте, Қожа Ахмет Ясауидің ата-анасының кесенесі Шымкент қаласының Сайрам тұрғын алабында орналасқанын айта кеткен жөн. Жалпы, әрбір турист — Шымкент үшін әлеуетті инвестор. Ал әрбір инвестор - турист. Қаланың әрбір тұрғыны - біздің қалаға турист тарту бойынша агент. Жалпы, 2022 жылдың I тоқсандық көрсеткіші бойынша Шымкент қаласы Республика көлемінде 3 орынға жайғасқан”, - деген “Visit Shymkent” ТАО-ның басшысы Ерлан Умаров орталықтардың байланысын күшейту үшін біршама ұсынысын айтты.

Атап айтар болсақ, ол өз сөзінде аймақтық визит оталықтар – шетелдік нарықта «Visit Kazakhstan» ортақ атауымен танылатынын ескеріп, осы атауға біріге отырып, ортақ мақсат аясында жұмылу қажеттігін айтып өтті.

Айта кетейік, екі күн бойы жалғасатын слеттің соңында «Visit Shymkent» орталығы бірнеше туристік ұйымдармен ынтымақтастық жөнінде екіжақты келісімдерге қол қоюды жоспарлап отыр.

Халықаралық шараның алғашқы күнінде – сала өкілдері арнайы баяндама жасап, ортақ талқылаулар жүргізсе, екінші күні экскурсиялық бағдарлама аясында Шымкент қаласының көрікті орындары және тарихи нысандарын аралады.

 

 

Оқылды 2858 рет