Жұма, 17 Маусым 2022 23:46

ШЫМКЕНТТЕ МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Маусым айының үшінші жексенбісі - Қазақстанда медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Бүгін Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан медицина қызметкерлерін төл мерекесімен құттықтап, ақ халатты абзал жандардың елеулі еңбегін ерекше атап өтті.

 «2020 жылдан бастап медицина саласы үшін ауыр жылдар болды. Сын сағатта медицина қызметкерлері ажалмен арпалысып, ауыр бейнеттің ортасында жүрді. Әскери қызметкерлер Отан алдында елін қорғауға ант берсе, дәрігерлер Гиппократ антын береді. Соның дәлелі әлемді жайлаған пандемия - коронавирус індетіне қарсы күрестегі еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын, -деді Шыңғыс Жұмабекұлы құттықтау сөзінде.

 Салтанатты жиында денсаулық сақтау саласында қызмет етіп жүрген медицина мамандарына «Еңбек ардагері», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», Денсаулық сақтау министрлігінің «Құрмет грамотасы» және қала әкімінің «Алғыс хаты» табысталды.

 Айта кету керек, қалада медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында инвесторлар есебінен 13 жаңа денсаулық сақтау ұйымы ашылып, 207 мың қала тұрғыны медициналық көмекпен қамтамасыз етілді.

 Сонымен қатар, балалар клиникалық ауруханасында нейрохирургиялық, күйік, урологиялық, торакальды хирургия, нейрохирургиялық медициналық оңалту бөлімшелері ашылды. Қалалық денсаулық сақтау департаменті баспасөз орталығы берген мәліметтерге сенсек, қазір қалада 334 бала динамикалық бақылауға алынған. Оның ішінде «Орфандық» аурулары бар 36 баланы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін 1,5 млрд. теңге бөлініп отыр. Балаларды оңалту орталықтарында пациентке бағытталған агротерапия, арт-терапия, қолмен қолданбалы өнерге үйрету әдістері енгізілді.

 Жыл басынан бері шетелдік мамандарды тарта отырып 10 дәрігерге арналған мастер-класс ұйымдастырылыпты. Осы оқу барысында 50 дәрігер акушер-гинеколог, неонатолог, реаниматолог, педиатр, акушерлер «Тиімді перинаталдық күтім технологиясын енгізу» тақырыбында білімін жетілдірді.

 2020 жылдан бастап медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету қарқынды жүзеге асып, қазіргі таңда медициналық техникамен жарақтандыру көрсеткіші 77,3%-ға қол жеткізілді.

 Жыл сайын дәрігерлердің айлық еңбекақысы - 30%-ға, орта буын медициналық - 20%- ға өсіп отыр. Қазіргі сәтте дәрігерлердің - орташа еңбекақысы -395 мың теңге, ал орта буын мамандарының орташа еңбекақысы -233 мың теңгені құрайды. Мұның барлығы да ақхалаттыларға көрсетілген құрмет, денсаулыұ саласының өркендеуі үшін жасалып жатұан игі іс екені белгілі.

 

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

Оқылды 482 рет