Бейсенбі, 17 Қараша 2022 21:55

ЕЛІМІЗДІҢ ОНКОЛОГТАРЫ ШЫМКЕНТТЕ ТӘЖІРИБЕ АЛМАСТЫ

Шымкенттегі онкологиялық орталықта Нұрсұлтан, Алматы, Қарағанды қалаларының онколог-дәрігерлерінің қатысуымен "Онкологиялық тәжірибедегі интервенциялық хирургияның өзекті мәселелері" тақырыбында екі күндік шеберлік сабағы өтті.

Шараны ұйымдастыру үшін орталық базасы арнайы таңдалған. Өйткені Шымкент қаласы онкологиялық орталығы дәрігерлерінің онкологиялық науқастарды емдеуде интервенциялық рентгенологиялық араласуларды орындауда өте тәжірибелі.

Шеберлік сағатында мамандар өзара тәжірибелерімен алмасады. Рентгенхирургияның заманауи әдістерін қолдана отырып, пациенттерге онкологиялық көмек көрсетудің замануи әдістерін, пациенттерді қатерлі ісік және бауыр ісігі аурулары кезінде химиоэмболизациялауға іріктеу, бас және мойын ісіктері кезінде өңірлік химиоинфузия, өкпе және жатыр мойны обыры, сондай-ақ бүйрек обыры мен жамбас ісігі ауруларында ісіктерді эмболизациялау мүмкіндіктерін талқыламақ.

Былтыр Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің, денсаулық сақтау басқармасы басшысының қолдауымен және орталық басшылығының белсенді жұмысының нәтижесінде “Phillips azurion-7” заманауи ангиографы орнатылған. Бұл онкологтар үшін де, рентгенхирургиялық ем алатын науқастар үшін де соңғы үлгідегі таптырмас құрал.

Жыл басынан бері бұл ангиографта жоғары технологиялық емдеу санатына жататын бауыр, өкпе, бүйрек және жамбас қатерлі ісігінің химиоэмболизациясы бойынша 150-ден астам ота жасалды.

Орталықтың еліміздің түкпір-түкпірінен келетін пациенттерді де қабылдауға мүмкіндігі мол.

Айтпақшы, Шымкентте қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбековтың тапсырмасымен «Медициналық ақпараттандыру орталығы» (call center) ашылды.

Орталық нөмірі 8(7252)-41-75-03.

Енді қала тұрғындары денсаулық сақтау саласына қатысты ұсыныстарын, сұрақтарын, арыз-шағымдарын телефонға қоңырау шалу арқылы жеткізе алады.

 

Оқылды 280 рет