Бейсенбі, 08 Қараша 2018 13:46

Түркістан облысы қоғамдық көліктерді жаңартудың амалын тапты

2019 жылдан бастап Түркістан облысындағы қоғамдық көліктердің 70 пайызы кезең-кезеңімен жаңартылады. Бұл туралы Түркістанда өткен автобустық тасымалдауды дамытудың кешендік бағдарламасын іске асыруға арналған форумда айтылды. Жиынға еліміздегі автобус құрастырумен айналысатын зауыт өкілдері, аймақтағы жолаушылар тасымалымен айналысатын автобус паркінің басшылары, аудан әкімдерінің орынбасарлары қатысты. 

Форумға қатысқан автопарк басшыларына Үкімет бекіткен автобустық тасымалды дамытудың 2018-2020 жылдарға арналған «Жол картасы» бағдарламасы таныстырылды. Бағдарламамен 15 пайыздық алғашқы жарнаны төлеп, 7 пайызбен 7 жылға несие алуға болатындығы түсіндірілді. Бұл ескі автобусын жаңарта алмай жүрген тасымалдаушылар үшін үлкен мүмкіндік болмақ.

«Егер жүзеге асса, нұр үстіне нұр болар еді. Қазір біздің облыстағы  тарифіміз басқа облыстарға қарағанда өте төмен. Сол себепті бізге алғашқы жарна ретінде 15 пайызын төлеп алған тасымалдаушылардың барлығына жеңіл болар еді» - дейді жолаушылар тасымалымен айналысатын компания басшылары.

Түркістан облысында жолаушылар тасымалымен айналысатын 1500 қоғамдық көлік бар. Оның 70 пайызы, яғни 800-ге жуығы 12 жылдан артық жүргеніктен, әбден ескірген. Енді Үкімет бекіткен бағдарлама бойынша 2019 жылдан бастап облысындағы ескі автобустар кезең-кезеңімен жаңартылатын болады. 

Бұл ретте облыстық жолаушылар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мақсат Мырзабаев: «2019 жылдан бастап осы мәселені толығымен кезең-кезеңімен жаңалатуды қарастырамыз. Сол себепті бір үстелдің басына жиналып отырмыз. 2019 жылдан бастап автобустар алу мәселесі, әр азамат тасымалдаушы  өздеріне ыңғайлы қалаға, ауданаралық бағыттарға тиісті автобустарды алады» деп отыр.

Форумға тасымалдаушылардан бөлек елімізде автобус құрастырумен айналысатын зауыт өкілдері де қатысты. Енді автопарк басшылары осы кәсіпорындармен келісімшартқа отырып, Үкімет бекіткен тиімді бағдарламаның игілігін көруі керек. Сонда облыс тұрғындары алдағы жылдан бастап қауіпсіз әрі заманауи қоғамдық көліктердің қызығын көретін болады.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 696 рет