Жексенбі, 11 Қараша 2018 21:13

Түркістан облысы: Ордабасыда межеленген жоспар 100 пайызға орындалды

Ордабасы ауданының ауыл шаруашылығы саласында биыл 26 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Мал шаруашылығында 317 мал бордақылау алаңы салынып, жылдық жоспар 100 пайызға орындалған. Ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келе жатқан ауданның шаруалары «Алтын күз» мерекесін толағай табыспен қарсы алды. 

"Алтын күз" - жыл бойына еткен еңбектің есебін беретін кез. Ордабасылықтар үшін биыл табысты жыл болды. 9 айдың ішінде 2 млрд.711 млн. теңгені құрайтын 15 инвестициялық жоба іске асты. Өнім көлемі ұлғайып, мал бас артты. Жалпы межелеген жоспар артығымен орындалған.

Шаруаларды айтулы күнмен құттықтаған аудан әкімінің орынбасары Азат Оралбаев: «Еліміздің жетістіктерінде ордабасылықтардың да елеулі үлесі барын ерекше атап өтпекпін. Несібесін еткен еңбегінен күткен жерлестеріміз үшін биылғы жыл жемісті болды», - деп, ауданныың жетістіктеріне тоқталды

Мерекелі шарада киіз үйлер тігіліп, дастарқан жайылды. Шаруалар жаз бойына жинаған өнімдерін ауылшаруашылығы жәрмеңкесінде, арзандатылған бағада ұсынды. Қамбасын қыстық азыққа толтырып, ауданның өсіп-өркендеуіне үлес қосқан ауыл әкімдері марапатталды. Асыл тұқымды мал, ауыл шаруашылығы техникаларының көрмелері ұйымдастырылды. Салтанатты жиын барысында еңбек ардагерлері мен озаттары Алғыс хаттармен марапатталып, сый-сияпат иеленді.    

«Алтын күз меркесінде Төрткүл ауылы мақта өндіруден үздік атанып, марапатталып отырмыз. Ауылымыз негізінен ауыл шаруашылығымен айналысады. 10300 гектар суармалы жеріміз бар. 1500-ге жуық шаруа қожалығы бар. Келесі жылы өнім көлемін ұлғайту жоспарда бар. Барлық шаруаларды мерекелерімен құттықтаймын» - дейді Төрткүл ауылдық округінің әкімі Өтеміс Мұхтархан.

Ордабасылықтар алдағы уақытта жылдық  өнімнің көлемін 47 млрд. теңгеге жеткізуді  жоспарлап отыр. Ал Түркістан қаласына жақын орналасқан Төрткүл ауылында  агроаймақ құру жобасын қолға алатын болады."Алтын күз" салтанаты спорттық сайыстар мен аламан көкпарға ұласты. Шабандоздар жүйріктерін баптап, мерекелік бәйгенің додасына қосты

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 919 рет