Дүйсенбі, 12 Қараша 2018 10:46

Төлеби ауданында шоколад өндірісі қолға алынбақ

Төлеби ауданының әкімі Бауыржан Омарбеков және Төлеби аудандық мәслихатының хатшысы Нұрлан Қойбағаров Бірінші Мамыр ауылдық округіне іс-сапармен барды. Бірінші кезекте округте орналасқан «Балмұздақ» ЖШС-нің шокаладты глазурь және шоколад өңдейтін цехінің жұмысымен танысты. «Балмұздақ» ЖШС шоколад өңдейтін цехін желтоқсан айында іске қосып, отандық өнім «Perfetto» сауда белгісімен шоколад өндіру жұмысын бастамақ.

«Балмұздақ» ЖШС -нің атқарушы директоры Кан Евгений Юриевич жыл соңына он екі шокалад түрінен үш шоколад түрін дайындай алатынын және алдағы уақытта шоколад өнімін шығаратын жаңа технологиялы қондырғылар сатып алып, инвестиция көлемін 1 млн евроға жеткізе алатынын атап өтті. «Балмұздақ» ЖШС–нің шокалад өңдейтін цехімен 2018 жыл басынан бергі уақытта автоматтандырылған қондырғылар алынып, ауданға 603 млн теңге инвестиция тартылған. «Балмұздақ» ЖШС жылына 1100 тонна шоколад глазурь өнімдерін өндіруге қуаттылығы бар. Қазіргі таңда 60 азаматты жұмыспен қамтып отыр.

Аудан басшылығы одан өзге Тағайна елдімекенін ауыз сумен қамтамасыз ету құрылысының жұмысын көрді. 2018 жылдың мамыр айында бастау алған жұмыс 1539 тұрғыны бар елдімекенді таза ауыз сумен қамтамасыз ету мүмкіншілігін берді. Зағамбар елдімекенін ауызсумен қамтамасыз ету құрылысын көрген аудан басшысы Төлеби аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Оспановқа 4899 тұрғыны бар 873 тұрғын үйді мерзімінде толық таза ауыз сумен қамтамасыз етуін тапсырды.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Оқылды 1046 рет