Сейсенбі, 22 Тамыз 2017 10:52

Шенеуніктің адам қаққаны рас па?

Күнгей облыстардың біріндегі әжептәуір шенеунік биыл сәуір айының басында іргелес өңірге сапар шегіп қайтыпты. Ұзынқұлақтың айтуынша, тектен-тек емес: Астанадан өзінен өткен бір дөкей сол жаққа келетін болған соң, қонақжайлылық танытып, қошемет көрсетпек ниеті болған көрінеді. 

Өкінішке қарай, шендінің «шәй бермек» ойы жүзеге аспай қалыпты. Қаладан кештетіп асығыс-үсігіс шыққан ол діттеген жеріне жетіп үлгермеген. Сан тарау тірліктен шаршап-шалдығып көзі ілініп кетті ме, әлде жазым ба, кім білген, әйтеуір, барар жолда көрші облысқа қадам басқан бетте-ақ өзі басқарып келе жатқан автокөлігімен бір шүйкебасты қағып кеткенге ұқсайды. Әлгі бейбақ сол жерде-ақ тіл тартпай кетіпті-міс.

«Сыбырлағанды Құдай естімей ме, бұл оқыс оқиға қалай жалпақ жұртты елең еткізбеді?» деп, біз де аң-таңбыз. Шамалауымызша, «Рөлде шопырым отыр еді» деп, бәрін соған аударған сияқты. «Оның үстіне істің ың-шыңсыз бітуіне «иығында жұлдызы бар» кісілер де ықпал етуі ықтимал. Өзі де әл-ауқатты ғой» дейді желауыздар.  

Егер рас болса, амал не, біреуінің ажалы, біреуінің азабы келіп тұр да. Әлгі шенеуніктің онсыз да төбесінен қиқу кетпей жүр еді...

Оқылды 3668 рет