Жұма, 06 Қараша 2020 22:16

Түркістанда зияткерлік мектебі ашылды

Түркістанда зияткерлік мектебі ашылды. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті.

Бүгін Түркістан қаласында «A.Q. ORDA» зияткерлік мектебі салтанатты түрде ашылып, пайдалануға берілді. Жаңа білім ұясы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бой көтергенін атап өту керек. Аталмыш білім ордасында 1-6 сынып оқушыларына дәріс қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Мектепте пәндер тереңдетіп оқытылумен қатар хореография, вокал, робототехника, қаржылық сауаттылық сынды түрлі үйірмелер де жұмыс істейді. Сондай-ақ, қосымша, домбыра және шахмат жеке пән ретінде енгізілген. Айта кету керек, оқу ордасында өз саласының білікті ұстаздары сабақ береді. Арасында шет елдерде білім алғандары да бар.
Мектептің ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов түркістандықтарды жаңа мектептің ашылуымен құттықтап, педагогтардың еңбектеріне шығармашылық табыстар тіледі.
Ақылы негізде оқытатын мектеп бүгіннен бастап өз жұмысын бастады.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат

 

 

Оқылды 578 рет