Жұма, 09 Сәуір 2021 21:51

Шымкентте «Балаларға базарлық» акциясы аясында тегін кітаптар таратылды

Шымкент қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесі «Балаларға базарлық» акциясын жалғастырады.

Бұл шара «Қайырымды істер марафон» жобасы аясында қолға алынды. Қаладағы 4 ауданның 100 отбасының балаларына кітаптар мен жеміс-жидек себеті үлестірілді.

Акция Балалар әдебиеті жылында «Кітап оқуға құштар ұлт» жобасын сапалы іске асыру мақсатында ұйымдастырылды.

Іс-шараның мақсаты – ұл-қыздарды кітап оқуға баулу, көркем әдебиетке деген құштарлығын ояту. Бүгін сыйлыққа кітап алған балалар алдағы уақытта «Мен оқыған кітап» байқауларына қатысып, пікір алмасады.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы Шымкентте өткен республикалық “Кітап фестиваліне” келушілер кітап сатып алуға мүмкіндігі жоқ балалар үшін арнайы сандыққа ең құнды сыйлық - әдеби және танымдық кітаптар жинаған болатын. Жиналған кітаптар кішкентай оқырмандарына жол тартқан еді. Бүгінгі бұл іс-шара – сол ізгі бастаманың жалғасы.

Аталған қайырымды істі жалғастыруға Шымкент қалалық Мәслихатының депутаттары, кәсіпкерлер, көп балалы аналар демеушілік көрсеткен. Атап айтсақ, олар – Рәшкүл Оспанәлиева, Айжан Найымбекова және жас депутат Наргииза Керімбаева мен республикалық “Шұғыла кітап” баспа үйі. Оған қоса, балаларға базарлықты үлестіруге ерікті жастар да атсалысты.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат

 

Оқылды 541 рет