Жұма, 18 Қараша 2022 19:44

ШЫМКЕНТТІҢ ҮЗДІК ТӘЛІМГЕРІ – ҚАЛДЫГҮЛ ҚҰЛЖАНОВА

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, жоғары санатты дәрігер-зертханашы Қалдыгүл Құлжанова — елге қызмет етіп ғана қоймай, саналы ғұмырын ізбасар мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға арнап жүрген жан. Ол биыл Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған «Еңбек жолы» дәстүрлі байқауында «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» атанды.

Қалдыгүл Жаппарқызы 1991 жылдан бүгінге дейін Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бактериологиялық зертхана бөлімінде меңгеруші лауазымын атқарып келеді. Ол — клиникалық-зертханалық диагностика мамандығы бойынша 32 жылдан астам еңбек өтілі бар жоғары санатты дәрігер-зертханашы.

Қ.Құлжанова жұқпалы ауруларды диагностикалау мәселелерін жақсы меңгерген. Диагностика алгоритміне көптеген заманауи жаңа әдістерді енгізіп, өзі еңбек етіп отырған бөлімшенің жұмысын жаңа белестерден көрсетіп жүр. Сондай-ақ, Ресей мен Қазақстанның бактериолог дәрігерлері қауымдастығының мүшесі. Қауымдастық арқылы екі елдің білікті ғалымдарымен тәжірибе алмасып, білімін жетілдіріп отырады. Қаладағы зертхана мамандарын оқытып, жаңалықтарын ғылыми мақалаларда жариялаған бірнеше әдістемелік нұсқаулықтың авторы.

Білікті маман Жоғары медициналық колледждің, «Дипломнан кейінгі оқыту» оқу орталығының және Шымкент қаласының үздіксіз кәсіби даму орталығының штаттан тыс оқытушысы қызметін қатар атқарып, студенттер мен жас мамандарды оқытып келеді. Сабақтың мақсаттары мен мазмұнына байланысты әртүрлі ерекше әдістер мен құралдарды қолданып, жеке, көп деңгейлі топтық тапсырмалар беріп, бақылау дәрістері мен бірлескен тәжірибелік-танымдық жұмыстар жүргізеді. Шәкірттері қаламыздағы және көршілес облыстардағы алдыңғы қатарлы зертханаларда еңбек етіп жүр.

Қалдыгүл Жаппарқызы 2018-2019 жылдары ауруларды бақылау және алдын алу жөніндегі Америкалық орталық пен Орталық Азия кеңсесі ұйымдастырған арнайы оқытудан өткен. Ал, 2019-2020 жылдары Орталық Азиядағы ауруларды бақылау және алдын алу жөніндегі АҚШ орталығының Өңірлік кеңсесінің техникалық қолдауымен Шымкент қаласы мен Түркістан облысында жіті энцефалит, менингит және менингококцемия синдромымен ауруханаға жатқызылған жағдайларға эпидемиологиялық қадағалауды күшейту жөніндегі жобаға қатысқан. 2020 жылы пандемия жағдайына байланысты COVID-19 диагнозы қойылған пациенттерден биоматериалдарды алуға және тасымалдауға жауапты инфекциялық стационардың орынбасары болып тағайындалған. Сонымен қатар, қоғамдық жұмыста да белсенді. Оны ауруханадағы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы қызметін 2002 жылдан бастап үздіксіз атқарып келе жатқанын-ақ байқауға болады.

Қ.Құлжанованың еліне, өз кәсібіне деген адалдығының айқын дәлелі ретінде мемлекеттік деңгейдегі жобаларға да үлес қосып жүр. Мәселен, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2019-2022 жылдарға арналған «Қазақстан Республикасында микробқа қарсы препараттарға төзімділікті сақтау жөніндегі іс-шараларды іске асыру жөніндегі жол картасы» жобасына бактериологиялық зертханаға жетекшілік ете отырып қатысқан. Алайда, білікті де бірегей маман халық алғысынан да құр алақан емес. «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін», «Халық алғысы» медальдарымен және «Құрмет» орденімен марапатталған. Медицина, оның ішінде бактериологиялық диагностика саласын дамытуға ғұмырын арнаған білікті маман, ізденімпаз ғалымның әрбір ісі келер буынға үлгі-өнеге.

 

Оқылды 51 рет