Жұма, 18 Қараша 2022 07:36

ШЫМКЕНТТІҢ ИНТЕЛЛЕКТУАЛ ЖАСТАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Шымкентте Халықаралық студенттер күніне орай «Smart student» сайысының жеңімпаздары марапатталды. Жоғары оқу орындарында өзін-өзі басқару жүйесін дамытуға бағытталған сайысты қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы ұйымдастырып отыр.

Бүгінгі мерекелік басқосуға ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің жастар ісі жөніндегі кеңесшісі Айсұлу Ерниязова, қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Мұратжан Шотанов және шаһардағы жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.

Жиында алғаш сөз алған ведомоства өкілі студенттерді мерекемен құттықтап, жастарды толғандырған кез келген мәселені ашық талқылауға дайын екенін жеткізді.

–Біз күні кеше Түркістан қаласында министрлік жанындағы студенттер кеңесінің алғашқы отырысын өткіздік. Еліміз бойынша 80-нен астам ЖОО-ның студенттерімен бірлесе бірқатар мәселені талқыладық, ұсыныстарын тыңдадық. Алдағы уақытта осы ұсыныстар негізінде ауқымды жобаларды жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Бүгінгі күннің өзгерісін қалыптастырушы студент жастар екенін ескеріп, біз олардың барлық ұсынысы мен мәселесіне ашықпыз, - деді министрлік өкілі.

Қалада ЖОО арасында өзін-өзі басқару жүйесін енгізу үшін қыркүйек айынан бастап студенттер арасына интеллектуал ойындар ұйымдастырылды. Жастар арасында пікірлесуді қалыптастыратын іс-шараларда көшбасшы студенттер өздерінің белсенділігін көрсетіп, тәжірибе алмасқан.

–Қазір қаламызда 240 мыңнан астам жас бар. Жастар саясатын кезең-кезеңмен жүзеге асыру үшін «Smart student» секілді ауқымда жобалар іске асырылып жатыр. Мұндай жобалар жастар үшін зор мүмкіндіктерге жол ашады. Жастар табанды еңбек етіп, қаламызды гүлдендіруге, «Әділетті Қазақстанды» құруға белсене атсалысатын болса, еліміз үлкен жетістіктерге қол жеткізеді. Сіздердің студенттік шақтарыңыз Қазақстанның тарихи кезеңімен тұспа-тұс келіп отыр. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамасымен елде ауқымды реформалар қолға алынып, халқымыз ашық, әрі әділетті қоғам құру идеясы төңірегінде топтасуда. Елдің жаңғыруы сіздерге тамаша мүмкіндік ұсынумен бірге, зор жауапкершілік жүктейді. Сондықтан сіздерді интелектуалды жобаларда белсенділік танытудан тайсалмауға шақырамын. Бүгінгі жоба жеңімпаздардын шын жүректен құттықтаймын, - деді Мұратжан Шүкірханұлы өз құттықтау сөзінде.

Мұнан кейін басқарма басшысы жобаға белсене атсалысқан жастар мен жеңімпаздарды марапаттады. Сайыс қорытындысы бойынша ІІІ орынды Академик Қуатбеков атындағы Халықтар Достығы университеті иеленсе, ІІ орыннан Оңтүстік Қазақстан Медицина Академиясы көрінді. Ал жүлделі І орынды Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Педагогикалық университеті қанжығалады. Барлық жеңімпазға диплом мен қаржылай сыйлық табысталды.

 

Оқылды 229 рет