Бейсенбі, 11 Желтоқсан 2025 18:02

Түркістандағы Р.Сейтметов атындағы сазды-драма театры биыл 150-ге жуық қойылымды сахналаған

Р.Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театры биыл 150-ге жуық қойылымды сахналады. Сондай-ақ, театр репертуары осы жылы 6 жаңа қойылыммен толықты. Оның үшеуі ересектерге арналса, қалғаны балаларға арналған. Бұл туралы брифингте театр директоры Арман Алиев мәлімдеді.

«Биыл 141 қойылым көрермен назарына ұсынылды. Қазір «Мульти стори» жаңа жылдық қойылымның дайындығы жүріп жатыр. Театр ұжымы 2025 жылы жалпы 2 халықаралық және 3 республикалық фестивальдерге қатысты. Одан бөлек, гастрольдік іс-сапарларда болды. Театр жанынан құрылған «Тарлан» музыкалық-аспапты ансамблі мен «Би-Сұлтан» би ансамблі Қазақстанның мәдениеті мен өнерін насихаттау мақсатында Үндістан елінің Дели, Пенджап, Амритсар, Агра, Чандигарх қалаларында өнер көрсетті. Сонымен қатар, өнерпаздар Ресей елінің Кинешма қаласында өткен «Островский fest» атты театр фестиваліне қатысып, лауреат атанды»,- деді Арман Алиев.

Сондай-ақ, брифингке қатысқан театр актері Нұржан Ізтаев өнер ұжымы ел ішінде де біршама жетістіктерге қол жеткізгенін айтты. Оның ішінде, Қазақстанның Халық әртісі, көрнекті театр және кино актері Құрманбек Жандарбековтің 120 жылдығына арналған республикалық театр фестиваліне қатысқан. Онда Д.Исабековтың «Өйтпесе, Мағжан бола ма?» драмасымен қатысып, Зылиха рөлі үшін «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясымен театр әртісі Кәмшат Аштекова мараппаталған. Сондай-ақ, А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрында Қазақстанның халық әртісі, көрнекті режиссер Асқар Тоқпановтың 110 жылдығына арналған республикалық театр фестиваліне қатысып, Ә.Қалдыбаевтың «Жалғыз желкен» драмасын ұсынды. Қазылар алқасының шешімімен театр әртісі М.Құрманбеков «Үздік екінші пландағы ер адам бейнесі» номинациясымен марапатталған.

Айта кетейік, 2025 жыл театр үшін табысты, шығармашылық тұрғыдан жемісті жыл болды. Осы орайда, театр әртісі Нұржан Ізтаев Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі күніне орай «Еңбек даңқы» төсбелгісімен, Аяз Ілясов «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар, театрдың құрылғанына 25 жыл толуына орай, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өнер ұжымына жаңа 50 орындық заманауи автобустың кілтін табыстады.

Осы тұста айта кетсек, театрдың негізін қалаушы Қазақстан Республикасының халық артисті, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» және Жастар Одағы сыйлықтарының иегері, «Кафка» атындағы сыйлықтың иесі, профессор Райымбек Ноғайбайұлы Сейтметов өмірін өнерге арнаған аңыз тұлға.

Тоқсаныншы жылдардың тоқырау кезінде Алматыдағы жылы орнын, жайлы тұрмысын тастап жасы 60-қа келіп қалғанда туған жерге оралыпты. Артымда із қалдырсам, халқыма пайдалы дүние берсем деп саналы түрде келген. Әуелі ХҚТУ ректор М.Жұрыновтың қолдауымен өнер бөлімін ашты. Өңірдегі талантты жастарды жинап, сахна өнеріне баулыды. «Түркістанның бүгіні мен ертеңін ойлағанда көңілімде бір түйткіл тұрды. Түркістанның рухын көтеру үшін, ең әуелі сол жердің рухани игіліктерін жасауымыз қажет. Өзім ұзақ жылдар қызмет еткен өнер саласының биігінен қарасам, Түркістанға театр керек. Еліміз егемендік алды, Түркістан қайта түлейтін болады деп, жастайымнан бауыр басып қалған Алматыны, атақ-абыройына ие болған өнер ордасын тастап, туған жерге тартып кетуімнің басты себебі де сол болатын. Осында жинақталған тәжірибемді, азды-көпті өнерімді сонда алып барайын деп шештім. Түркістан қайта түлеп, іргесін кеңітіп жатқанда соның бір шегесі болып қалғым келді…» - деп өзі айтқанындай, парасатты пайымымен туған жерге келіп, өнердің туын тікті. Өзі тәрбиелеп-оқытқан, дайындаған шәкірттерінен театр труппасын жасақтады. Түркістан театрының іргесін қалап, керегесін бекітіп кетті.

Театр небәрі 4-5 жыл көлемінде аяққа тұрды. Жас театр болса да күрделі тарихи-драмаларды сахнаға шығарып кәсіби тұғырға құлаш сермеді. Көптеген театр фестивальдерінен жүлделі оралып жүрді. Өзінің бағытын айқындады. Түрік тілдес елдер драматургиясын көбірек сахналады. Бүгінде осынау театр – түркі тілдес елдердің театр өнерінің ортақ ордасына айналды.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 158 рет