Бейсенбі, 25 Ақпан 2021 20:46

Түркістанда «Саттар Ерубаев» атындағы шығармашыл жастарды қолдау қоры ашылды

Түркістан қаласында «Саттар Ерубаев» атындағы шығармашыл жастарды қолдау қоры ашылды.

Аталған қор жылына бір рет республикамыздағы ең үздік шығармашыл жастардың Түркістан өлкесінде басын қосып, шығармашыл жастарды марапаттайтын болады.

Жастар ресурстық орталығының ұйытқы болуымен ашылған қор поэзия, дәстүрлі ән, роман, проза, әңгіме, айтыс, ғылым, қолөнер, зергерлік өнер және ұлттық үлгідегі киім дизайны бойынша номинацияларының иелерін арнайы комиссия арқылы анықтап, қаржылай жүлделермен марапаттайды деп жоспарланған. Аталмыш идеяның бастамасы ретінде былтыр облыс деңгейінде «Саттар Ерубаев атындағы шығармашыл жастар байқауы» өткен болатын. Байқау әдебиет пен мәдениеттің 8 бағытын қамтыған. Атап айтсақ, «Үздік жас мүсінші», «Үздік жас дизайнер», «Үздік жас қолөнерші», «Үздік жас ғалым», «Үздік жас әнші», «Үздік жас ғалым», «Үздік жас айтыскер» номинациялары бойынша Түркістан облысының түкпір-түкпіріндегі өнерлі жастардың арасында бәсекеге толы байқау көпшіліктің көңілінен шықты.

Игі бастама Республика көлемінде ұлт руханиятына еңбек сіңіріп жүрген жас шығармашыл жастарымызға қолдау көрсету мақсатында «Саттар Ерубаев» атындағы шығармашыл жастарды қолдау қорын құрумен жалғасып отыр. Жаңадан құрылған қордың төрағасы Айбек Маратұлы осы уақытқа дейінгі атқарылған жұмыстар барысы мен алдағы уақыттағы жұмыс жоспарымен таныстырды. Қайырымдылық балдың өзге шаралардан ерекшелігі – Түркістан өңіріне белгілі қолөнерші Мамыт Жаңабек қолынан шыққан мүсіндері және суретші Әділхан Мәліктің суреттері аукционға қойылды. Жас таланттардың алғашқы қолдаушысы ретінде кешке арнайы облыстық, қалалық мәслихат депуттары, жеке кәсіпкерлер, зиялы қауым өкілдері мен мемлекеттік қызметкерлер және өнерпаз азаматтар қатысты.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат 

 

Оқылды 474 рет