Жұма, 04 Қараша 2022 02:19

Сауранда «Мектебіңе домбыра сыйла» акциясы өтті

Қазақ пен домбыра – егіз ұғым. Күмбірлеген домбыраның үні батырларымызға рух, ақындарымызға шабыт берген. Домбыра әрбір қазақтың рухын көкке көтеретін құнды қазынамыз. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойына орай, Түлкібас ауданында бастау алып, биыл «Балалар жылы» аясында жалғасын тапқан «Мектебіңе домбыра сыйла» акциясын Түлкібас ауданы Сауран ауданына жолдаған еді. Акцияның басты мақсаты ұлттық өнерді ұлықтап, өскелең ұрпақтың бойына дәстүрлі өнерді сіңдіре отырып, ұлттың қамын ойлайтын ұрпақ тәрбиелеу.

Осы орайда, Сауран ауданы адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты N13 жалпы орта мектебінде «Мектебіңе домбыра сыйла» акциясы өтті. Шараға Сауран ауданының әкімі Ғани Құрмашұлы, Сауран ауданына қарасты адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Ақмарал Үсенқызы, Шаға ауылдық округінің әкімі Әбдімүтәліп Шарашұлы, Сауран ауданына қарасты қамқоршылық кеңестің төрағасы Әлішер Құдіреттулаұлы және мұғалімдер мен ата-аналар, демеушілер де қатысты. Іс-шараны N13 жалпы орта мектебінің мұғалімдері мен оқушыларынан құрылған «Наз қоңыр» ансамбльі «Ерке сылқым» күйімен ашты. «Мектепке домбыра сыйлау» акциясында демеушілік жасап, N13 жалпы орта мектебіне жоғарыда аты аталған азаматтар домбыра сыйлады.

«Жалпы, өткен жылы Ұлттық домбыра күнінде «Домбыра үнімен бой көтерген жаңа Сауран» атты күйшілер флешмобын ұйымдастырған болатынбыз. Қазақ үшін қасиетті мекен болып есептелетін көне шаһарда өткен шараның басты мақсаты – қазақтың күйі арқылы тарихы терең, талай ғасыр бойы сырын ішіне сақтаған Сауран қалашығының жаңа таңы атқанын, енді ғана құрылған Сауран ауданының жаңа дәуірі басталғанын насихаттау еді. Биыл да бұл іс-шаралар жалғасын тауып жатыр. Эстафета аясында алған домбыраны мектеп басшыларына табыстаймыз. Әр мектепте аталған акцияны жалғастырып, ұлттық аспапты ұлықтаймыз», – дейді Сауран ауданы әкімінің орынбасары Серік Садибеков.

Айта кетсек, аталған акция Парламент мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбайдың ұсынысымен қолға алынды. Ол ауданға келген сапарында ұстаздармен кездескен халық қалаулысы ұлттық аспапты ұлықтау жөнінде ой тастаған еді. Идеяны құп көрген Састөбе ауылының А. Макаренко атындағы мектебінің түлектері акцияны алғаш болып өткізді. 2021 жылдың аяғында бастау алған акция барысында Түлкібас ауданындағы мектептерге 400-ге жуық домбыра сыйға тартылды. Мектептің түлектері мен депутаттар, кәсіпкерлер, ардагер ұстаздар мен ауыл тұрғындары акцияға белсенді түрде қатысты.

Иә, қазақ халқының кие тұтқан жәдігеріне айналып, төрден орын алған қара домбыраның үні ұлттық болмысымыздың діңгегі екені даусыз. Кешегі күй атасы Құрманғазыдан бастап, Дәулеткерей, Қазанғап, Тәттімбеттей тума таланттар көңілдің сөзін күймен жеткізсе, аузымен құс тістеген дүлдүл ақындар да, атақты жыраулар да, сал-серілер де қос ішектен қолдау тауып, өшпес өнерін мұраға қалдырған. Жалпы алғанда, дәл осы домбыра аспабымен қазақ халқының тарихы мен тағдыры тығыз байланысты. Қазақтың қай күйін алып қарасақ та, қай әнін тыңдамасақ та, көне тарихтың ізіне тап боламыз. Мысалы, қазіргі кезде күйшілер арасында кеңінен мәлім «Шыңырау», «Аққу», «Кеңес», «Сары өзен», «Шұбар ат», «Ертіс толқындары», «Мұңлы қыз», «Тепең көк», «Ақсақ қаз», «Бозінген», «Желмая», «Құланның тарпуы», «Көкейкесті» сынды әуендер мен күйлер бізге сонау бағзы замандардан қойнауынан бабалар аманатындай болып жеткенін зерттеушілеріміз аз айтып жүрген жоқ.

Домбыра − өзіндік музыкалық сипаты бар, қазақ өмірінде маңызды орын алатын аспап. Алғаш эпикалық дәстүр шеңберінде жыр, толғау, термелерді сүйемелдеуге қолданылған домбыра кейін аспаптық шығарма – күй жанрының қалыптасуына ықпал еткен. 6000 жылдық тарихы бар домбыра бүгінде жеке әнді сүйемелдеуге, күй тартуға, халықтық-фольклорлық музыкада, классикалық шығармаларды орындауға қолданылатын, мүмкіндігі кең музыкалық аспап. Ендеше назарларыңызға домбыраның шығу тарихы мен түрлері жайында кеңінен ақпарат ұсынсақ.

Әртүрлі ескерткіштерге, сондай-ақ этнографтардың жазып қалдырған еңбектеріне жүгінсек, домбыра және өзге халықтардың осы тектес аспаптары тіпті сонау орта ғасырларда белгілі болған екен. Мысалы, Әбу Насыр әл-Фарабидің еңбектерінен тамбур аспабы жайында оқимыз. Өзбектердің домбыраға өте ұқсас екі ішекті дутары алғаш рет әл-Хусейнидің «Музыкалық канон» деген трактатында ауызға алынды. Қазақтың халық аспабы домбыра XIV ғасыр жазбаларында кездеседі. Оның бастағы түрі мен құрылысы қазақтың домбырасынан аумайды. Осындай аспап аттарының ұқсастығы да олардың түпкі шығу тегі бір екенін көрсетсе керек. Өткен жүз жылдықта ұлы халық композиторы Құрманғазымен бірге Дәулеткерей, Тәттімбет, Сейтек, Байсерке, Қазанғап секілді саңлақ күйшілер дүйім жұртты аузына қаратқан. Бармағынан бал тамған майталман домбырашы болуымен бірге нелер бір ғажап күй де шығарған шын мәніндегі өнер иелері болды. Олардың арқасында домбырада тартылатын күйлердің музыкалық формасы үздіксіз жетілдіріле түсті. Домбыраның техникалық мүмкіндіктері артқан сайын домбыра тарту өнері де едәуір өрге басып, байи түсті.

Қазақстанның батыс аудандарында домбыра тартудың өзгелерге ұқсамайтын бөлек дәстүрі қалыптасқанын айту керек. Батыс аудандардағы домбыраның негізгі өзгешелігі, көлемі үлкен болып келеді, сонымен қатар шанағы сопақ, мойны жіңішке, перне саны көбірек. Сондықтан мұндай домбыраны тартқанда қолданылатын техникалық тәсілдерді шанағы жалпақ домбыраға қолдану қиын, өйткені бұл соңғы домбыраның мойны едәуір енді және ондағы перне де аз. Шанағы жалпақ домбыраның бірнеше нұсқасы кең тараған. Егер батыс аудандардағы домбыраларға 12—14 перне тағылса, ал шанағы жалпақ домбыраға не бары 7—8 ғана перне байланған. Перне санын арттыру процесі өте баяу жүрді және оның өзі орындалатын репертуарға тікелей байланысты еді. Әдетте, жаңа перне онымен алғаш орындалатын күйдің атымен аталынды. Пернелердің бірі домбырада «Түрікпен күйін» орындағанда байланды да, «Түрікпен пернесі» деп аталды. Бейтарап терция интервалын беретін басқа бір перне Қазақстанның батыс аудандарында «Сарыарқа пернесі» деп аталады.

Аңыз-ертегілердің бірінде аспаптағы жоғарғы тиектің қалай пайда болғаны жайында айтылады. Жаумен шайқасып, одан соң алыс сапар шегіп әбден қалжырап келе жатқан батыр жолшыбай демалуға аялдайды. Сайдың ішіндегі саялы жерде жайғасып отырған соң талдан бір шыбық кесіп алады, оған жылқының қылын керіп байлайды да, дыбыс шығармақ болып көреді. Бірақ қолдан жасаған тым жұпыны аспаптан ешқандай үн шығатын емес, тым-тырыс, меңіреу күйінде қала береді. Батыр оны жанына тастай салады да, өзі қисайып жатып ұйықтап кетеді. Ол жанындағы өзі жасаған аспаптан шығып жатқан дауыстан оянады. Қолына алып қараған батыр аспаптың мойын тұсынан титтей ағаш тиекті көреді, оны әлдебіреу ішектің астынан келтіріп орнатып қойған екен. Батыр: «Е, бұл шайтанның ісі болды ғой»,— деп ойлайды. Бәлкім содан бері қалған сөз болса керек, халық арасында жоғарғы тиекті «шайтан тиек» деп атайды. Ішекті жылқының қылынан тағу, жоғарғы тиектің болмауы көне аспаптарға тән сипат. Ән, жыр айтуға арналған домбыраның пернелері 8 – 9, әрі кеткенде 14 – 15-ке жетсе, күй домбырасына 20-дан астам перне тағылады. Олардың құлақ бұрауы да қажетіне қарай (кварта, квинта) өзгертіледі. Домбыра, негізінен, екі ішекті және кейде үш ішекті болып келеді. Домбыра тартуда қағыстардың түрлері өте көп. Мысалы, «сермеп ойнау», «іліп қағу», «шертіп ойнау», т.б. Домбыра жайлы аңыз әңгіме Ертеде бір хан қызының кедей жігітпен көңіл жарастырғанын сезіп қалады да жігітті дереу дарға астырады. Екі қабат болып қалған қыз мезгілі жетіп босанады. Оны аңдыған мыстан кемпір егіз баланы көз көрмес, құлақ естімес, алыс жерге апарып, жап – жасыл үлкен бәйтерек басына ұлды батысқа, қызды шығысқа қаратып іліп кетеді. Сәбилердің көз жасы тамған бәйтерек солады, жүрегі тоқтаған нәрестелермен бірге ағаш та қуарады. Қаңқу әңгіме халық арасында жата ма, оны естіген ана егізін іздеп жолға шығады. Жолдан шаршаған ана ағаш түбіне келіп, демалады Құлағына күмбірлеген сарын естіледі. Қайдан шығатын әуен екенін білгісі келіп ағаш үстіне шығып тыңдаса, жаңағы бәйтерек сынып кетеді. Ағаштың түбінен басына дейін іші қуыс екенін көреді. Екі басына бұтақтан – бұтаққа керіліп қалған ішектерді көреді. Екі ішек самал желмен тербеліп, одан әуен шығады екен. “Егіз құлынымнан қалған жұрнақ осы болар” деп сол ағаштан аспап жасап алады. Батысқа қараған ішегі бостау, шығысқа қараған ішегін қаттылау керілген екен. “Астыңғы ішек – жіңішке дауысты қызым Зарлық, ал үстіңгі ішек – бос қоңыр дауысты ұлым Мұңлық болсын” деп екі ішекке ат қойып, домбырасын тартып, күй шығарып кеткен екен. Бұл аңыз — әңгіме этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің еңбегінде жазылған.

Жалпы қазақ даласының әр өңірінде кездесетін домбыралар жергілікті жер жағдайына, тұрмыс-салты мен дәстүріне, ән, жыр, күй мектебі мен әр өнерпаздың орындаушылық мәнеріне, аспапшы шеберлердің ісмерлігіне байланысты әртүрлі пішімде дамытылып, өзгеріп отырған. Мәселен, оңтүстік пен батыс өлкелерінде домбыра пішіні сопақшаланып немесе дөңгеленіп келсе, ал орталық, сол түстік және шығыс өлкелерінде, көбіне домбыра шанағының бұрыштары үшкірленіп жасалынған. Қазіргі кезде домбыраның 20-дан астам түрлері бар. Олардың ішінде: • Ән мен күй домбырасы • Торсық • Тұмар • Кең шанақты (екі нұсқасы) • Балдырған • Балашық • Шіңкілдек • Аша • Үш ішекті • Қуыс мойын • Шертер Оркестр домбыралары: • Қоңыр дауысты (альт) • Жіңішке дауысты (прима) • Ащы дауысты (секунда) • Бас домбыралар (екі нұсқасы) Домбыра құрылысы бірнеше бөліктен тұрады: басы, құлақтары, пернелер, мойын, шанақ, бетқақпақ, ілгек және ішектер. Сонымен қатар оның көптеген қосымша бөлшектері бар (тиек, кемер ағаш, тұжым ағаш, бастырма, ойық, қалқа, түйме, өрнек, желкелік). Домбыра тиегі үш түрлі болады (шайтан тиек, негізгі тиек, табалдырық тиек). Домбыра дыбыс өткізгіштігі жоғары қарағай, дыбыс жаңғырту қасиеті бар тұт, қатты жынысты үйеңкі, емен секілді киелі ағаштардан, негізінен, екі түрлі әдіспен – құралып немесе ойылып (шауып) жасалады.

Құрама домбыралардың шанағы жұқа тілшелерден құралып жасалса, бітеу домбыра тұтас ағаштан ойылады. Домбыра – тек күй тартуға ғана емес, ән айтқанда сүйемел үшін де қолданылатын аспап. Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Мұхит, Мәди, Кенен, Әміре Қашаубаев, М.Ержанов, Ж.Елебеков, Ғ.Құрманғалиев, Қ.Байбосынов т.б. белгілі әншілер домбыраның әнге әр беріп, әншіге демеу болатынын дәлелдеді. Домбыра аспабының дәстүрлі үлгілерін, халықтық дәстүрдегі перне байлау, домбыра баптау, күй ойнау, домбыра жасау жөнінде зерттеулерді Б.Сарыбаев, Б.Орымбеков, Т.Әсемқұлов, А.Сейдімбек, Д.Шоқпарұлы, т.б. еңбектерінен кездестіреміз. Домбыра құрылымдық, сапалық дәрежесінің кемел деңгейге жетуі барысында бүгінге дейін бірнеше сатыдан өтті: 1932-1934 жылдары домбыра аспабын жетілдіру бағытында белгілі аспапшы шеберлер Қ.Қасымов, А.Ермеков, ағайынды И. және Б.Романенколар, Қ.Оңалбаев, т.б. еңбек етсе, оны 1960- 1970 жылдары Ә.Аухадиев, О.Бейсенбекұлы жалғастырды. 1934 жылы Халық аспаптар оркестрінің (Қазақ мемлекеттік халық аспаптар оркестрі) құрылуымен байланысты домбыраның прима, альт, тенор, бас, контрабас сияқты түрлері дүниеге келді. 1990-2000 жылдары аспап жасаушы-қолөнерші шеберлердің республикалық «Үкілі домбыра» сайыстары өткізіліп, соның ықпалымен домбыра аспабы жаңаша зерттеу, даму, жетілу бағытына бет түзеді.

Еліміз егемендік алып, есемізді түгендей бастаған тәуелсіздік жылдарында бекітілген төл мерекелеріміз бен атаулы күндеріміздің қайсын алып қарасақ та, әрқайсының орныққан орны, тереңге тартқан тамыры, өзіндік тарихы бар. Дегенмен, солардың ішінде қазақ халқы үшін маңызы айрықша бірегей мерекелердің бірі – Домбыра күні дер едік. 2018 жылдан бастап шілде айының алғашқы жексенбісінде мерекеленіп келе жатқан «Домбыра күні» – қазақ халқының жанындай болған киелі домбыраға берілген тарихи баға, ресми ілтипат. Дархан даланың кеңдігі мен паңдығын шанағына сыйдырып, қос ішектен қуанышы мен қайғысын төккен қазақы қара домбыраның халқымыз үшін қадір-қасиетін, маңыз-мәртебесін айтып жатудың өзі артық. Ақиық ақын Қадыр Мырзалиев жырлағандай, «нағыз қазақ – домбыра!». Осыдан 4 жыл бұрын тұңғыш рет елорда төрінде аталып өткен мереке аясында еліміздің түкпір-түкпірінен жиылған 2000-нан астам домбырашы бас алаңда күмбірлетіп күй төккенде, жүрегі дүрсілдемеген қазақ жоқ шығар, сірә! Атырау мен Алтай арасындағы түрлі домбыра мектебінің өкілдері бас қосқан күй аламанының күмбірі жыл өткен сайын жаңғырып, ұлттық болмысымызға серпін бере түсері сөзсіз. Бүгінде осы бастама аясында еліміздің басқа да қалаларында, ауылдарында Домбыра күні айрықша аталып өтіп, түрлі танымдық шаралар ұйымдастырылатыны көңіл қуантады. Әрине қазақ пен домбыра ұғымы қашанда қос ішектей егіз, қос ішектей бірге болып қала бермек! Ұлттық жадымызда жатталып қос ішектен төгілген қоңыр әуен – халқымыздың үні. ЮНЕСКО-ның шешімімен домбыра мен күй адамзаттың материалдық емес, мәдени мұраларының тізіміне енгені де еліміз үшін айрықша мақтаныш. Өйткені ол – Қазақтың жаны, қазақтың домбырасы!

Оқылды 314 рет