Бейсенбі, 21 Сәуір 2022 21:46

Қазақстанда адамға тиісу әрекетін қылмыс деп тануы мүмкін

Елімізде адамға тиісу, еркінен тыс мәжбүрлеу әрекеті қылмыстық іс деп танылуы мүмкін.

Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюк мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тиісу, мәжбүрлеу әрекетіне қатысы мәселе әлі де ашық. Бүгінде халықаралық заңнамалар зерделену үстінде. Оның біздің заңдарға қаншалықты сәйкес келетіндігі қаралып жатыр. Яғни тиісу, мәжбүрлеу әрекетіне қылмыстық жауапкершілік енгізу керек пе? Негізінде аталған жайт заңда қарастырылған, тек сәл басқаша рәсімделген. Жалпы қылмыстық кодекске енгізу жағдайды қаншалықты ақтайды? Осы төңіректе талқылаулар жүріп жатыр. Оған сала сарапшылары, психологтар мен заң саласы мамандары тартылуда», - деді Алексей Милюк Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, ІІМ өкілі зорлауға қатысты жазаның қатаңдатылғанын айтты.

«Зорлық жасаушының жазасы ауыр. Қазір осы қылмыс бойынша татуластыру деген түсінік жоқ. Әсерісе балаларға қатысты жағдай болса. Балаларға зорлық көрсеткендер қатаң жазаланып, айыбы кешірілмейді және қылмыскер мерзімінен бұрын босатылмайды. Ал жәбір көруші жақ полиция қызметкерлерінің қамқорында болады. Керек жағдайда өмір бойы», - дейді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының 46%-ы ерлер.

«AQ-QARA.KZ-ақпарат»

Одан бөлек, жыл басынан бері 2700-ден астам әйел дағдарыс орталығына жіберілгені айтылды.

 

Оқылды 955 рет