КРЕСЛОДАҒЫ ӨЛІМ: АЖАЛ МА, АБЫРОЙ МА?
Билік пен байлық қолдың кірі сияқты, бүгін бар, ертең жоқ. Бірақ, қолдың кірі екен деп бұл екеуінен жерініп кеткен тағы ешкімді көрмейсіз. Әсіресе биліктен, мансаптан ажырау, бас тарту қиын дейді дәмін татқандар. Наполеон Бонапарттың: «Менің көңілдесім – билік. Оны әлдекім ұрлап алып, ындыны құри аймалауын қаламаймын. Мен оны тым қымбатқа сатып алдым», - деуі осы тұжырымның рас екенін дәлелдей түседі.
Билік – нәпсі. Өтірік деңізші? Терісін әзер сүйретіп жүрсе де жауапты шенеуніктің креслосына жабысып, айрылмайтын қаншама өлерменді көріп жүрміз ғой. Ондайларды іздеп, алысқа барудың да керегі жоқ. Жан-жағыңызда толып жүр.
Мәселен, Оңтүстікте мұндай өлермендер тіптен көп. Өзінен үлкен бастығы жеті атасы мен алты анасынан боқтап, шапалақпен ұрып, жер етсе де басы салбырап, тілі салақтап, табанын жалап, отырған орнын сақтап қалу үшін жанын сайтанға сата салуға да дайын тұратын әкімқаралар бар. Және ондайлар басқаларға қарағанда әкімдік, басқарма басшылығында ұзақ жылдар отырады, маңынан шықпайды. Себебі оларда ұят жоқ, бүгін табанын жалаған бастығының орнына басқа біреу келсе бұрынғы бастығын жата кеп жамандап, жаңасының табанын аймалап, құрдай жорғалап, мәймөңкелей кетеді. Не айтса да істейді. Дегенінің бәріне көнеді. Тек әйтеуір қызметтен алып тастамаса болды. Бар өмірлік қалауы сол.
Ең бастысы – бұларда өзін аяу деген жоқ. Мемлекеттік қызмет, әкімдік лауазым дегеніңіз оңай шаруа емес қой біле білген адамға. Үнемі стресс, үнемі айқай есту, ылғи қайнаған оттың ортасында жүру. Бұл қанша жерден мықты болсаң да денсаулығыңды сындырмай қоймайды. Оның үстіне қазір қамалып жатқан шендінің санынан жаңыласың, демек, ішкен-жегенінің уайымы бар, қай күні келіп ұстап әкетер екен дейтін қауіп-қатер оны тыныш ұйқтатпайды, асын бойына сіңдірмейді. Алаңсыз ұйқтамаған, асы бойына сіңбеген адам не жүрек ауруына, не жүйке ауруына шалдығады. Сөйтіп, билік, билік деп жүргенде 40-тан енді асқан қамал алар азамат мүгедек болып шыға келеді, не болмаса бұрынғы бүлдіргендері алдынан шығып, тар қапасқа қамалып кете барады. Міне, билікке деген құштарлықтың соңы, финалы осындай. Олар үшін қызмет орнында, креслосында отырып өлу – ажал емес, абырой сияқты.
Еліміздегі аудандарды, басқармаларды басқарып отырған осындай жанкештілердің біразын білеміз. Тіпті қырықтан аспай жатып, жүрек тұсы жиі шаншитындары да бар. Және ол шаншу жылдар өткен сайын сирейді дейсіз бе, үдей түседі ғой. Алайда, биліктен кетсе адам болудан қалатындай қорқады. Мейлі, жүре бер, қара орындығыңда омалып отыра бер, бірақ ертең елуге жетпей креслоңды құшақтаған күйі жан тәсілім етсең не болады? Балаларың жетім, қырықтан енді асқан қылықты қатының жесір қалады. Қазіргінің қатындары жесір қалдым деп екі көзі суалып, дүниеден баз кешетіндерден емес. Оның үстіне қалған өмірін суық төсекте өткізгісі келеді дейсіз бе, сөз айтқан біреу болса көңіл қосуы мүмкін, көңіл қосқан соң сен бейшара көңілден кетесің. Кеше ғана «көке» боп жүргендерің әйеліңді жұбатса мейлі, төсегін жылытып кетіп жүрсе қайтпексің? Соншама жылдар бойғы махаббатыңа осылай бір түкіріп кете барғаны «оибдно» емес пе?! Сондай жанқиярлықпен, денсаулығыңды быт-шыт етіп жеткен билік, мансаптың соңы осылай аяқталғанын қалайсың ба? 45-50 жас деген – ұлыңды үйлендіріп, қызыңды ұзатып, қызықшылыққа қанбай жүретін шағың. Сен өлсең балаңның, қызыңның құдалығына кім барады? Немереңнің мектепке барғанын көріп, ата-аналар жиналысына қатысып, ертегі айтып бергің келмей ме? Саған керегі мансап, саған керегі билік, қара, күңгірт кабинет, былғары орындық. Сол саған қатын болады, сол саған құда болады, сол саған немере болады.
Иә, бұл билікке деген құмарлық бар нәрсені жеңіп кететінін әбден ұқтық. Ол үшін туғанына азар беруге де барады, ол үшін жазықсыздардың көз жасына қалуға да болады, ол үшін тіпті өліп кетуге де барсың. Қазынаны қымқыру мен, пара алуды айтпай-ақ қоялық. Мұншалықты күйге түсерлік не басыңа күн туды? Қара нанға зар болған заман емес, екі қолға бір күрек табылады ғой, соншалықты өзіңді сорлата беретінің не? Әкімқараның қызметін қызғанғаннан емес, өз-өзін аямайтын жанкештілігіне қапа болғаннан айтамыз да. Билік, мансап қанша жерден тартымды болса да отбасыдан артық емес. Ақыры өзіңді өлімге қияды екенсің, кресло, қызмет үшін емес, өлсең отбасың үшін өл. Солардың бір тал шашын жерге түсірме, табанына кірген шөңкені маңдайыңа қада. Міне, сонда ғана Құдайдың да, адамның да алдында сүйкімдісің, елдің есінде қадірлі күйде қаласың. Әйтпесе...
Біз мұның бәрін не үшін айтып отырмыз? Билікқұмарларға өлім тілеп отыр екен десеңіз, қатты қателесесіз. Қандай оңбаған шенеунік болса да ол адам баласы, осы елдің азаматы, бала-шағасының әкесі, біреудің сүйікті жары, Құдайдың құлы. Оның үстіне, масапқорлық қылмыс емес. Алайда, билік деген денсаулығыңды құртып, өз-өзіңді мүжуге тұратын нәрсе ме? Егер жаныңды ауыртқан кеселің болса, сол кеселіңе себеп – қызметің болса, ол жерде неге байланып отырсың? Таста да, кет. Дүниеде одан да басқа қызықтар көп, тоймай жүрсең нәпсінің жетпіс жеті мың түрі бар. Ең дұрысы – бар да балаңды бақ, тәрбие бер. Жұмыс керек десең кәсіп аш. Отбасыңа көңіл бөл. Осыдан артық бақыт жоқ. Бар айтқымыз келгені де осы еді.
P.S. Бұл айтқандарды көңіліне тоқып, «шынымен де, өзімді қинап оттың арасында неғып жүрмін, қой, өлмей тұрғанда кетейін» деп, бір пенде тәубеге келеді дегенге расын айту керек қой, мен де, сіз де сеніп отырған жоқсыз. Олар тіпті «мынау не айтып отыр» деп миығынан күлуі де мүмкін. Әйтсе де, адам санасы шын сөзді қаласа да қаламаса да еркінен тыс қабылдайды және күндердің бір күнінде ар-ұжданы жәймен мазалауды бастайды дейді ғой психологтар. Демек, креслода өлуге құмар әкімқараны ар-ұжданы дұрыс жолға салып жатса, соншама сөзіміздің бір әжетке жарағаны да...
Дәурен ӘБДІРАМАНОВ