Четверг, 08 Ноябрь 2018 10:00

Түркістандық кәсіпорындар төменгі жалақыны көбейтуді жоспарлады

Елбасының биылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында айтылған ең басым бағыт – халық табысының өсуі, жалақыны көтеру бойынша түркістандық кәсіпорындар мен мекемелерде тиісті жұмыстар басталды. Түркістан қалалық әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімі жергілікті кәсіпорындармен тікелей байланысқа шығып, мәселені шешу тетіктерін қарастырып жатыр. 

Бүгінгі таңда 170 кәсіпорында (шағын және орта) жалақысы төмен жұмысшылардың саны 635 адам екендігі анықталды. Қаладағы 150-ге жуық жұмысшысы бар «Гранд микс» жиһаз кәсіпорнының басшылығы Елбасы Жолдауындағы басым бағытты қолдаушылардың бірі болып, шикізат қорын арттырып, өндірісті өркендетуді көздеп отыр. Осы бағытта жұмысшылардың еңбекақысын 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жоғарылатпақ. Жергілікті кәсіпорын басшылары «Елбасының Жолдауындағы басым бағыттарды жүзеге асыруды бір кісідей қолдаймыз» - деп сендерді.

Ал қалалық әкімдіктің «Түркістан Жарық-тазалық» мекемесі жалақысы 33 мың теңгені құрайтын жұмысшыларының айлығын 43 мың теңгеге көтеруді жоспарлап отыр. Түркістан қаласының тазалығы мен абаттандыру, көгалдандыру жұмысына жауапкершілікпен қарайтын мекемеде бүгінде 250-ге жуық жұмысшы еңбек етеді. 

Бұдан өзге қаладағы бірқатар кәсіпорындар мен мекемелер жұмысшылардың әлеуметтік әлеуетін көтеруге жоспарлар түзіп, жұмыс атқаруға кіріскен.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 662 times