Воскресенье, 11 Ноябрь 2018 13:25

Түркістан таза ауызсудан тапшылық көрмейді

Түркістан облысының орталығында алдағы 30 жылдың көлемінде таза ауызсудан тапшылық болмайды. Себебі, қазір қаланы тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп отырған су көздеріндегі қор жеткілікті. 

Жерасты суларына зерттеу жүргізген мамандар осындай қорытынды беріп отыр. Бірақ, қалада көңіл бөлуді қажет ететін басқа бір мәселе бар. Ол осыдан 35 жыл алдын салынған құбырлардың тозуы. Мамандар берген мәліметке сүйенсек, Түркістандағы 1982 жылы төселген шойын және асбест құбырлардың бүгінде 60 пайыздайы ескірген.

Түркістан қаласының тұрғындарын үш бірдей мекеме таза ауызсу мен қамтамасыз етеді. Соның бірі һәм бірегейі – «Түркістан су» мемлекеттік коммуналдық мекемесі. Аталған мекеме шаһардағы 28 мыңнан астам абонентті тіршілік нәрімен қамтамасыз етеді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, соңғы уақытта қалада орталықтандырылған су жүйесіне қосылған абоненттер саны артқан. Тек өткен жылдың өзінде 5278 абонент жаңадан қосылған. Келесі жылы бұл көрсеткіш тағыда арта түспек.

«Қызылорда трассасының бойында 27 мектепке дейінгі аумақта 3500-4000-дай үй бар. Сол жерде қазір ауызсу жүйелері жүргізіліп жатыр. Ол келесі жылға өтпелі. Бұйыртса, 2019 жылдың жазында қосамыз» дейді «Түркістан су» КММ директоры Сейілбек Дайрабаев.

Негізінде шаһарға таза ауызсу үш қоймадан жеткізіледі. Оның бірі тіршілік нәрін алдын ала толтырып алып таратса, қалған екеуі ұңғымадан тарту арқылы тікелей тазартып жеткізеді. Одан бөлек қажеттілікке қарай тағы кішігірім су ұңғымаларынан да таза су тартылады. Қысқасы, қала қаншалықты үлкейсе де, құбыр суынан тапшылық туындамайды.

«7-8 ай су алып тұрамыз да, жазда судың пайдалану көрсеткіші көбейгенде өзіміздің барлық су ұңғымаларымызды қосамыз. Бізде 21 ұңғыма бар. Сол арқылы қажеттілікті өтейміз» дейді Сейілбек Дайрабаев.

Ал ескірген су құбырларын жаңарту үшін мекеме мамандары арнайы жол картасын әзірлеп жатыр. Сол жұмыс аяқталса, қаладағы 37 шақырымдай асбест және шойын құбырлар алмастырылады. 

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 780 times