Воскресенье, 18 Ноябрь 2018 05:09

Жетісай ауданында бес ауылға газ берілді

Жетісай ауданында бір күнде бес ауылға табиғи газ берілді. Салтанатты шараға Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы қатысып, жергілікті тұрғындардың қуанышымен бөлісті. Атап айтқанда, көгілдір отынға қол жеткізген ауданның Ш.Ділдәбеков ауыл округіне қарасты Достық, Байдала, Зерделі ауылдары мен Атамекен ауылдық округіне қарасты Тыңдала және Қоғалы елдімекендері. Аймақ басшысы Достық ауылындағы газ торабын іске қосу рәсіміне қатысып, ендігі кезекте 5 мыңға жуық халқы бар бес ауыл тұрғындарының көмір тасып, күл шығармайтынын жеткізді.

«Құрметті түркістандықтар! Қадірменді Жетісай ауданының тұрғындары! Бүгін сіздер мен біздер көптен күткен үлкен қуаныштың куәсі болғалы отырмыз. Яғни, бүгін Түркістан  облысына қарасты Жетісай ауданында бес елдімекеннің тұрғындары табиғи газға қол жеткізіп отыр. Қазіргі таңда Жетісай ауданында 104 елдімекеннің 46-сы, яғни 22 096 абонент табиғи газбен қамтылса, бұл аудандағы елді мекендердің жалпы санының 44,2 пайызын құрап отыр. Ал абонент саны бойынша 74,4 пайызға жетті», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Жалпы биыл Жетісай ауданындағы елді мекендерді газдандыру мақсатында 5 нысанның құрылысына облыстық бюджеттен 615,4  млн теңге қаралған болатын. Оның ішінде 1 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары 2018 жылдың шілде айында аяқталса, 3 елді мекеннің құрылысы жыл соңына дейін ел игілігіне тапсырылады деп күтілуде. Жетісай ауданының даму концепциясына сәйкес 2019-2025 жылдары осы өңірдегі 104 елді мекеннің бәрі дерлік 100 пайыз газбен қамтылады деген жоспар бар.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Read 804 times