«Облысымыздың басқа аудандары сияқты мақталы Мақтааралдың да тарихы өте бай. Алғашында Мырзашөл атауымен белгілі болған бұл мекеннің ерекшелігі – жерінің жомарттығында. Мақтааралдықтардың ерен еңбегі мен ақылы – шөл даланы гүлді, жазиралы жәннәт мекенге айналдырды. Мырзашөл даласын суландырудағы негізгі мақсат – мақта алқабын молайту еді. Алғаш рет ауданда мақта шаруашылықтары құрылып жатқанда Түркістан жер шаруашылығы халық комиссары қызметін атқарып жүрген ұлт мақтанышы Сұлтанбек Қожанов каналды қазушылармен болған кездесуінде мақтаның аса қымбат шикізат екенін, болашақта ақ алтын күллі Түркістан өлкесінің байлығы болатынын айтқан екен. Міне, Елбасымыздың тікелей қолдауымен Түркістан облысының жаңа дәуірі басталып келеді. Облысымыздың қиыр оңтүстігінде орналасқан, ақ алтынның ордасы – мақталы Мақтаарал ауданының мерекесі бәрімізге ортақ. Мақсат — той тойлау емес, бір ғасырға жуық уақыт аралығындағы оқиғаларды ой елегінен өткізу. Елдің бірлігін нығайтып, игі іске жұмылдыру», – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Өңір басшысы келесі кезекте Мырзакент кентінің орталық алаңындағы күзгі жиын-терім науқанын қорытындылауға арналған «Алтын күз – 2018» іс-шарасының бел ортасынан табылды. Биылғы жылы мақтааралдық диқандар 60 926,3 гектар жерге егістік ексе, оның 38 593,2 гектары мақта дақылына тиесілі. Аудан бойынша бүгінге дейін 96 мың 600 тонна «ақ алтын» жиналған.Биыл қазақ мақтасына 100 жыл толып отыр. Осыған орай аймақ басшысы Атакент кентіндегі «Қазақ мақта шаруашылығы» ғылыми зерттеу институтында өткен Қазақ мақтасының 100 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференциясына қатысты.
Мақтаарал ауданының 90 жылдық мерейтойы «Терме – бойтұмарым» атты термешілер байқауы, «Палау фестивалі» іс-шарасы, жастар арасындағы жайдарман ойындарынан соң аудан өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты. 3 күнге жоспарланған шара «Алпамыс батыр» стадионында тауар өндірушілер мен қолөнершілер көрмесі, «Бауырсақ фестивалі» іс-шарасы және бүкіл қазақтың делебесін қоздырған көкпар аламаны ойынымен қорытындыланды.
«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»