Среда, 02 Январь 2019 16:22

Шымкентте «Жас отау» тұрғын үй кешені пайдалануға берілді

Ондағы 7 қабатты көппәтерлі тұрғын үйлер тұрғындарға «7-20-25» бағдарламасы бойынша бұйырдыЯғни Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақстандықтарды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған жаңа бағдарламасын іске асыру аясында жүзеге асып отыр. 

Тұрғындардың қуанышын бөлісуге келген Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов шаһарда құрылыс саласының қарқын алып келе жатқанын атап өтіп, жаңа жыл қарсаңында қол жеткізген қоныстарының іші шаттық пен қуанышқа, береке мен бірлікке толсын деген тілек қосты.

2018 жылы қалада 819 мың шаршы метр тұрғын үй, яғни 9791 пәтердің құрылысы жүргізілсе, жыл соңына дейін 40 көпқабатты үй, яғни 188 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал жалпы қала аумағында қазіргі таңда 184 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар мемлекеттік бюджеттен 68 үйдің құрылысы жүріп жатса, оның 13-і жыл соңына дейін тапсырылды.

Жаңа үйлерді мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында «Отау строй» ЖШС-і өз қаражаты есебінен салған. Жалпы, аталған тұрғын үй кешенінде жеті қабатты 56 пəтерлі 14 тұрғын үй бой көтерген. Қ.Төлеметов көшесінің бойында орналасқан тұрғын үйлердің 1 шаршы метрі нарықтағыдан төмен. Мұнда 1, 2, 3 бөлмелі пәтерлер бар.

Қазіргі таңда Шымкент қаласының тұрғындары ЦентрКредит, АТФБанк, Цеснабанк, Bank RBK мен Еуразиялық банк арқылы ипотекалық несие ала алады.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 1836 times