Тағдыр тауқыметін тартып отырған көпбалалы ана БАҚ өкілдеріне өз жағдайын жеткізіп, қайырымды жандардың көмегіне зәру екенін айтқан болатын. Осы ретте ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша өкіл имамы Бақтыбай Бейсенбаев көпбалалы ананың жағдайына бейжай қарамай, жергілікті демеуші азаматтарды жұмылдырып, Ф.Досметоваға қамқорлық танытты. Атымтай жомарттардың көмегімен көпбалалы ана қаланың орталық көшесінен, яғни Қонаев даңғылы мен Жандосов көшесінің қиылысынан 3 бөлмелі жалдамалы пәтерге орналасты.
Бұған дейін 3 құрсақ көтерген көпбалалы ана 6 баласымен өз қаражаттарына пәтер жалдап келген. Бүгінде көпбалалы ана қалада мемлекеттік тұрғын үй кезегінде тұр. Баспана кезегі келгенге дейін енді ол отбасы демеушілер тарапынан берілген осы пәтерде тұратын болады.
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша өкіл имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміров азан шақырып, сәбилерге ат қойды.Еске салсақ, Бәкір, Әли, Омар есімді үшемдерден бөлек Фазиланың 3 перзенті бар. Үлкені Гүзәл – 11-сыныпта, кейінгісі Шадиер 10-сыныпта оқиды. Сондай-ақ 6 жасар Индира есімді бүлдіршіні бар.
Бұл отбасыға Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының қызметкерлері де қол ұшын бермек. Үшемнің анасы мемлекет тарапынан көпбалалы отбасыларына берілетін тиісті әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етіледі.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.