«Тәуелсіздігіміз туын тіккен жылдардан бері елімізде, оның ішінде біздің ауданда көптеген ауқымды жұмыстар қолға алынып, ел игілігіне пайдалануға беріліп жатыр. Соның бір парасы бүгін Жамбыл ауылында жүзеге асуда. Бүгін, міне, қуанышты жағдайдың куәсі болып отырмыз. Ауылға «көгілдір отын» беріліп жатыр. Бұл – Тәуелсіздіктің тартуы», – деді ол.
«Көгілдір отынға» қол жеткізген Жамбыл ауылының тұрғындары енді көмір тасып, күл шығармайтын болды» - деп жүрекжарды тілегін жеткізген ауданның Құрметті азаматы, еңбек ардагері Әбдіхалық Ағабеков ел тұрғындары атынан алғысы мен ризашылығын білдірді.
Жамбыл ауылы бұған дейін газдандырылмаған болатын. Енді елді мекен тұрғындарын «көгілдір отынмен» қамтамасыз етуге қатысты туындаған сұрақтары толығымен шешімін тауып отыр.
Айта кетерлік жайт, ауданда 2015 жылы «Бейнеу-Шымкент» магистральды газ құбырының құрылысыжүргізіліп, қараша айында «көгілдір отынның» алауы жағылып, аудан орталығына газ берілген болатын. Облыс қазынасынан арнайы қаржы бөлініп, 2017-2018 жылдары аралығында аудандағы 8 елді мекенге газ құбырының құрылысы жүргізілді. 8 елді мекеннің 3-і Жамбыл ауылдық округіне қарасты. Қазіргі таңда газ округ орталығына берілсе, қалған 2 елді мекенде жақын күнде кезек-кезеңімен қосылғалы отыр.
Сонымен қатар қазіргі таңда аудандағы 7 елді мекенде газ құбырының құрылысы жүргізілуде.
«AQ-QARA.kz»-ақпарат.