Воскресенье, 23 Июнь 2019 13:19

Түркістан облысы: Жетісайда халықтық кеңсе ашылды

Қазақстан полициясы күні қарсаңында Жетісай аудандық ішкі істер бөлімінің жанынан халықтық кеңсе ашылды. Бұл бастама ҚР Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі «2019-2021 жылдарға арналған жол картасы» аясында іске асып отыр. Салтанатты шараға Түркістан облыстық полиция департаментінің басшысы, полиция генералы Қайрат Дәлбеков қатысты.

Бұл кеңсе полиция қызметкерлері мен халық арасында алтын көпір орнататын орын болмақ. Мұнда азаматтардың құқықтары қорғалып, талап, тілектері тыңдалады. Нысанда келушілерді қабылдауға барлық жағдай жасалып, жедел басқару орталығымен бейнебақылау жүйесі тартылған. Жергілікті, әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері, анықтаушылар, тергеушілер мен құжаттамамен қамтамасыз ету бөлімінің мамандары. Бұлардың барлығы азаматтар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап береді» - дейді анықтау бөлімшесінің басшысы Азат Мусырманқұлов.

Полиция департаменті қызметкерлерінің айтуынша, фронт-офистің ашылуы азаматтардан келіп түсетін өтініштердің қаралу мерзімін қысқартады. Полиция жұмысының ашықтығын және сұрақтардың жедел шешілуін қамтамасыз ететін болады. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың төмендеуіне өзіндік септігін тигізбек.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Read 573 times