Понедельник, 24 Июнь 2019 16:18

Түркістан облысы: арыстық тұрғындар көшіріліп, тиісті көмектер көрсетілуде

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, ҚР Қорғаныс Министрі Нұрлан Ермекбаев және ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі комитет төрағасы Владимир Беккер Арыс қаласындағы төтенше жағдайға қатысты Ордабасы ауданы, Ақжол ауылы, Жамбыл  мектебінде брифинг өткізді. Олар халықты алаңдатқан сауалдарға жауап беріп, нақты мәліметтермен бөлісті.

«Қазіргі таңда шұғыл шаралар қолға алдық. Жарылыс масштабын көрген соң, бірден тұрғындарды эвакуациялап, желдің бағытына қарай үш лагерь жасақтадық. Арыс қаласын сағат сайын аралап, кездескен тұрғындарды  құтқару операциясын жүргізудеміз», – деді Ө. Шөкеев. «Арыс қаласындағы жарылыстан өңірге радиациялық қауіп жоқ. Бөген суқоймасы тұрақты бақылауға алынғандықтан, су басу қатері бар деген ақпарат та қауесет екенін мәлімдейміз» - дейді облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Қазіргі таңда Арыс қаласындағы тәртіпті қадағалау үшін 345 полиция қызметкері жұмыс істесе, қосымша Ұлттық гвардияның 500 сарбазы көмекке келген.  Сондай-ақ оқиға орнында 75 арнайы көлік, 51 шұғыл жәрдем экипажы қызмет етуде. 105 автокөлік тұрғындарды эвакуациялауға жұмылдырылған.  Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша ТЖД тарапынан 359 қызметкер, 40 бірлік арнайы техника жұмыс істеуде. Тұрғындардың негізгі бөлігі қаланы өз аяғымен тастап шыққан. Соңғы сағатта 1616 адам елдімекеннен көшірілді. 

Ордабасы ауданы, Төреарық ауылындағы Тәукехан мектебінде эвакуацияда отбасынан көз жазып қалған балалар жиналуда. Олардың фотосуреттері Түркістан облысының ресми парақшасында жарияланады.Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккендер саны – 31. Ауыр жарақат салдарынан 1 адам қайтыс болды. Бұл мәлімет әлі де нақтылану үстінде.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Read 520 times