Жарылыс болған Арыс пен жақын орналасқан елдімекендерде ауа мен су ластанған радиация бар деген қауесетке сенгендер аз болған жоқ. Әлеуметтік желіде тараған осындай негізсіз алып-қашпа әңгімелерге нүктені «Қазгидромет» мекемесінің Түркістан облысы бойынша филиалы қойды. Аталған мекеме Арыста жарылыс болған аумақта ауа, радиациялық орта мен судың сынамасын ұдайы тексеріп келді.
«Судың сынамасын Арыс, гидробекет, Шәуілдірде алдық. 48 көрсеткіш бойынша тексеріс болды, барлығы нормада. Радиациялық қауіп жоқ» - дейді инженер-химик Неля Сәрсенбаева.Мекеменің әрбір қызметкері Азаматтық қорғаныс кезінде атқарылатын гидрометеорологиялық шараларды жақсы біледі. Өйткені қандай да төтенше жағдай орын алса, сол аумақтың ауасы және судың құрамы міндетті түрде тексерілуі тиіс. Қорытынды оң болса ғана, халықтың тұруына рұқсат беріледі.
«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»