Вторник, 16 Июль 2019 14:17

Шардарада дін қызметкерлері арасында шешендік өнерді меңгеруге арналған басқосу өтті

Түркістан облысы, Шардара қаласындағы «Әбу Мансур әл-Матруди» мешітінде дін қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мен шешендік өнерді меңгеру жайында жиын болып өтті.

Шардара қаласындағы «Әбу Мансур әл-Матруди» мешітінде ҚМДБ-ның Түркістан облыстық өкілдігі мен облыстық дін істер басқармасымен біргелікте аудандағы имамдардың діни біліктілігін арттыру, құқықтық және деструктивті діни ағым жақтастарымен жұмыс жүргізудің әдіс-тәсілін үйрету, шешендік тіл байлығын арттыру және қазақ ойшылдарын кеңінен насихаттау мақсатында жиын өтті. Жиынға облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің дінтанушы-теолог мамандары Медет Халықов пен Мұрат Мұстафаев, Шардара ауданының бас имамы Асылхан Данияров, аудандық ішкі саясат бөлімінің теологы Дастан Байбек қатысты.

Жиын барысында дін қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, шешендік өнерді меңгеру, қоғамда кеңінен етек жайған деструктивті діни ағымдардан жастарды сақтандыру, олардың діни сауаттылығын арттыру мәселелері кеңінен сөз болды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесі сараланып, алдағы атқарылар істердің барысы талқыланды. «Бүгінгі айрандай ұйып отырған еліміздің бірлігін, тыныштығын сақтап қалу үшін бәріміз бірігіп жұмыс істеуіміз керек. Біз, аға буын өкілдері идеологиялық күресте жеңіске жетіп, мылтықсыз майданнан жастарымызды аман алып шығуға міндеттіміз», - дейді жиынға қатысушылар. 

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Read 547 times