Пятница, 05 Июль 2019 14:44

Түркістан облысы: Төлеби ауданының әкімі құрылыс жұмыстарымен танысты

Төлеби ауданының әкімі Бауыржан Омарбеков шілде айының бірінші аптасында аудан орталығы мен елді мекендердегі құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Ең әуелі Шахта Тоғыс елді мекеніндегі аудандық маңызы бар КХТЛ-34 «Ленгір - Шахта Тоғыс» автомобиль жолындағы күрделі жөндеуден өтіп жатқан көпірдің басына арнайы барды. 

Құрылысты жүргізіп жатқан мердігер мекеменің басшысына маңызды нысанды сапалы аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ тапсырыс алған мердігер компанияға, атқарған жұмыстары әркез мемлекет бақылауында болатындығын жеткізді. Одан кейін Бірінші Мамыр ауылдық округінен өтетін 11 шақырымдық облыстық маңызы бар КХ-112 «Бірінші Мамыр-Оңтүстік турбаза» автомобиль жолына асфальт төсеу жұмыстарымен танысты. Жолдың жөндеу жұмыстары аяқталған соң 20 мыңнан аса тұратын тұрғындарға да, аудандағы туризм саласының дамуына да септігін тигізбек. Биылдың өзінде Төлеби ауданында 100 шақырым жол жөнделеді. Оның 45,8 шақырымы облыстық маңызы бар автомобиль жолы болса, 54,2 шақырымы – ауданішілік жолдар.

Ел игілігіне тұрғызылып жатқан құрылыс нысандарының жұмысын басты назарға алған аудан басшысы Ленгір қаласындағы №5 мектеп-гимназиясының оқу блогы, асхана, спорт зал, кітапхана және шеберхана құрылысын, №1мектеп-гимназиясының 300 орындық оқу блогының, Ленгір қаласынының 1-ші шағынауданындағы спорт кешенінің, Аққұм елді мекеніндегі Қ.Тыныбеков атындағы орта мектебінің спорт залының, Көксәйек елді мекені Жолан көшесіндегі 100 орындық бастауыш мектебінің, Киелітас елді мекеніндегі «М.Әуезов» атындағы жалпы орта мектебінің акт залы, спорт зал, асхана, шеберхана, кітапханасының, Ақбастау елді мекеніндегі 200 орындық мектептің құрылыс басында болып, құрылыс жұмыстарын сапалы әрі белгіленген өндірістік кестеге сәйкес жүргізуді мердігер мекемелердің басшыларына қадап айтты. Сондай ақ, аудандық құрылыс бөлімінің басшысына, ауданда салынып жатқан құрылыс жұмыстарына жергілікті жұмыссыз азаматтарды «Төлеби аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы» арқылы тартуды тапсырды. Сонымен қатар Қаратөбе ауылдық округінің Балдыберек-Төңкеріс елді мекендеріне тартылып жатқан газ құбырының құрылысымен танысты. Бүгінде Төлеби ауданындағы 55 елді мекеннің 39 елді мекені табиғи газбен толық қамтылған. Жалпы көрсеткіш 71% құрап отыр. 2019-2020 жылдар аралығында аудандағы елді мекендерді 100% табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарланған. Келесі кезекте аудан әкімі Жоғарғы Ақсу ауылдық округінің Сарқырама елді мекені мен Алатау ауылдық округінің Алатау, Қайнар, Шатыртөбе елді мекендеріне ауыз су құбырларын тартып жатқан құрылыс жұмыстарын көрді.
Аудан басшысы жауапты мердігерлерге: «Ауыз су инфрақұрылымының жақсаруы аудан үшін аса маңызды. Тартылып жатқан су құбырлары ұзақ жылдар бойы тұрғындарға қызмет етуі керек.
Сондықтан жасалып жатқан жұмыстың сапасы жоғары болуы керек», - деп, ескертпе жасады. 

Айта кетсек, ағымдағы жылы аудандағы 5 елді мекеннің ауыз су мәселесі оң шешімін табады.

«AQ-QARA.kz»-ақпарат.

Read 610 times