Среда, 17 Июль 2019 15:31

Түркістан облысы: Мақтаарал ауданының орталығы ажарлана түспек

Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакент кентінің орталық алаңын заман талабына сай көрікті етіп жасау үшін құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралар өтетін алаң алдағы уақытта аудан тұрғындарының ең сүйікті демалыс орнындарының біріне айналмақ.

Мердігер «Строй.ком «Прогресс» ЖШС салып жатқан кешен қараша айында пайдалануға берілмек. Нысанның бас жобалаушысы – «Авангард-ОК» ЖШС, ал техникалық қадағалаушысы – «Royal Company» ЖШС. Мақтаарал ауданы әкімдігінің тапсырысымен жасалып жатқан ауқымды жобаны жүзеге асыру үшін 30-ға жуық адам жұмысқа тартылған. Алаңның 6820 шаршы метрі брусчаткамен қапталып, 292 шаршы метріне асфальт төселмекші. Сондай-ақ, 25 қоқыс жәшігі, 25 орындық, 3 шатыр астындағы орын орнатылмақ.

Демалыс орнын көріктендіру үшін 7240 шаршы метріне газон төселіп, 950 акация, 100 шырша, 28 терек егілетін болады. Ең бастысы - ауа-райы ыстық мекенде тұрғындар үшін субұрқақ салынбақшы. Жалпы аудан орталығында абаттандыру жұмыстары жоғары деңгейде жүріп жатыр. Бұдан бөлек, көлемі 16х5 метр болатын 10 дана ойын алаңшалары салынуда. Сондай-ақ, қазіргі таңда 3 көшеге аяқжол төселіп, 3 көшеге жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Read 533 times