Понедельник, 22 Июль 2019 12:51

Арыста 1870 үйдің жөндеу жұмыстары аяқталды

Арыс қаласында 1870 үйдің жөндеу жұмысы аяқталды. Бұл туралы бүгін Арыс қаласында өткен облыс әкімдігінің аппарат отырысында айтылды. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев төтенше жағдайдың зардаптарын жою, құрылыс қарқынын бәсеңдетпеу, тұрғындарға жан-жақты жағдай жасау мәселелерін қозғап, құрылысты кешіктіріп жатқан сектор басшыларына жұмысты күшейту керектігін айтты.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, жалпы Арыс қаласында жеке үйлердің 7 мыңнан астамы, көпқабатты үйлердің 100-ге жуығы зақымдалып, осы нысандарда жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінде 17 сектор бойынша 7445 үйге ақау актісі жасалып, 4827 үйде құрылыс жұмысы қолға алынған. Зерттеулер нәтижесінде жарамсыз үйлер саны 293-ке жетті. Оның ішінде 4-еуі – көпқабатты үйлер. Бұл үйлер толық басынан салынады. Бірқатарының іргетасы қаланып та үлгерген. Құрылыс жұмыстарына еліміздің түкпір-түкпірінен 215 компания және 7 мыңнан астам адам тартылған.

Облыстық штаб мүшесі, ішкі саясат басқармасының басшысы Б.Тәжібаев секторларда тұрғындардың арыз-шағымы бойынша жұмыс атқарылып жатқанын, әрбір шағым дер кезінде тіркелетінін мәлімдеді. Тұрғындар арасынан әр 10 үйге бекітілген белсенділер де жұмысқа тартылып, секторларда тұрғындармен кездесу тұрақты жүріп жатқанын жеткізді. Жиында Арыс қаласына қатысты өзекті мәселелер талқыланып, құрылысы нашар жүріп жатқан сектор басшыларына сын-ескертпелер айтылды. Өңір басшысы Ө.Шөкеев облыстық штаб әрбір секторға жауапты облыс пен аудан әкімдіктерімен бірлесіп, тұрғындардың арыз-шағымы бойынша жүйелі әрі мұқият жұмыс атқаруы тиіс екенін айтты. Әрбір мәселеге уақтылы әрі дер кезінде тоқталып, құрылыс қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырды.

  «AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Read 629 times