Пятница, 09 Август 2019 13:58

Шардарада атаулы әлеуметтік көмектің арқасында кәсіп ашқандардың қатары көбейіп келеді

Шардарада атаулы әлеуметтік көмектің шартты түрін алып, шаруасын ашқандардың қатары күн санап артып келе жатыр. Әлеуметтік аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасыларға мемлекеттен берілетін атаулы әлеуметтік көмек көптеген жандардың өз кәсібін ашып, жұмыссыздықты жоюда үлкен рөл атқаруда. Шардара ауданында бұл бағытта атқарылып жатқан ілкімді істер аз емес.

Мемлекеттен шартты көмек алып, өз шаруасын жүргізіп отырған сондай отбасылардың бірі – Бекбенбетовтер отбасы. Отбасының құрамы 5 адамнан тұратын шаңырақтың иесі Қуаныш Бекбенбетов ІІ топ мүгедегі. 2018-жылы мемлекеттен 152 мың теңге алған отағасы шаштараз ашса, 2019-жылға тағайындалған 807 637 теңгеге мал басын көбейтпек. Ал, екінші отбасы – Талғат Бекжігітовтің отбасы. Өткен жылға отбасындағы 5 адамға есептелген 199 030 теңгеге шаштараз ашқан мүмкіндігі шектеулі шардаралық азамат биылғы наурыз айында тағайындалған 909 252 теңгеге мал шаруашылығын дамытуды қолға алмақ. Етті және сүтті бағыттағы мал басы санын арттыруды жоспарлап отырған Талғат «Талап пен мақсат болса орындалмайтын арман жоқ» дегенді айтады.

«Біз әлеуметтік қолдауды қажет ететін аудандағы көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасыларға мемлекеттік жәрдемақылардан бөлек жомарт жандардың демеушілігімен де азық-түлік, қыстық отын-суларына, тіпті, өз шаруаларын ашқысы келетін мүмкіндігі шектеулі бірқатар азаматтарға қолдау көрсетіп, көмек беріп келеміз. Өйткені, өз ісін ашып, кәсіпкерлікті дамыту – аудандағы жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, елдің тұрмысын жақсартудың негізгі тетігі», - дейді Шардара аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жоламан Тұрлыбеков. Бөлім басшысының мәліметінше ауданда мемлекеттен тағайындалған атаулы әлеуметтік көмек тиісті азаматтарға мерзімінен кешіктірілмей төленіп келеді екен. 

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Read 606 times