«NUR OTAN» партиясы Шымкент қалалық филиалының бақылау комиссиясы мемлекеттік қызмет көрсету бағыты бойынша алқалы мәжіліс өткізді. Жиында азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы жұмысының жай-жапсары талқыланды. Жиын әлқиссасы Бас партияның бақылау комиссиясының төрайымын тағайындаудан басталды. М. Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры Дәрия Қожамжарова бұдан былай комиссия мүшелеріне төрайымдық ететін болады. Бақылаушы топ 4-ші тоқсанға арналған жұмыс жоспарын бекітіп алған соң, халыққа қызмет көрсету орталықтарының атқарған жұмысы бойынша есепке кезек берді.
Қазір халыққа қызмет көрсету орталықтарында 723 мемлекеттік қызмет түрі қолжетімді. Бұрынғыдай емес, заман ағымына қарай қызмет көрсету сапасы да артқан. «Кедергісіз келешек» жобасының жемісі: мүмкіндігі шектеулі жандар да келіп, қажетін алып жатыр. Қазір 7 орталықта сурдо онлайн қызметі жұмыс істеп тұр. Азаматтар цифрландыру саясатының шарапатын сезініп-ақ келеді.Миллион тұрғыны бар мегаполисте 3 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы бар. «Бірақ, бұл халқы тығыз аймаққа аздық етеді»,- дейді мамандар. Көлік жүргізушілері үшін жағымды жаңалық! Таяу күндері «Арғымақ» автокөлік базарының жанынан тағы бір орталық есігін айқара ашпақ.
Баһадыр Нарымбетов – «NUR OTAN» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары: Жаңа жылға дейін «Арғымақ» автокөлік базарының жанынан тағы бір мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы ашылады. Бұл өте тиімді болмақ. Өйткені, Сарыағаш, Жетісайдан көлік сатып алуға келгендер ары-бері жүріп, сандалмайды. Мәжіліс қорытындысы бойынша, халыққа қызмет көрсету орталығы басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктелді. Партиялық бақылау комиссиясы тарапынан ұсыныстар айтылып, хаттамаға енгізілді. Сала жетекшілері орын алған олқылықтарды түзеуге уәде беріп, тарқасты.
«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»