Понедельник, 14 Октябрь 2019 08:35

Шымкентте "Отбасы кеңесі" пилоттық жобасы іске асырылып жатыр

Шымкент қаласы отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасы мен Абай аудандық соты бірге «Отбасы кеңесі» атты пилоттық жобасын іске асыру үстінде. Мұндағы мақсат – отбасы мәселелерін оңтайлы шешу, ажырасу деңгейін төмендету, жанұя мүшелері мен кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау. 

Жұмыс тобының құрамында құқық қорғау, денсаулық сақтау, білім саласының өкілдері, медиаторлар және өмірлік тәжірибесі мол ақсақалдар мен аналар кеңесінің өкілдері бар. Әр аптаның сейсенбі күндерінде бас қосатын «Отбасы кеңесі» ажырасуға арыз берген азаматтармен бетпе-бет сөйлесіп, отбасының бұзылуына әсер еткен факторларды талдап, өзекті мәселелермен жұмыс істейді. Тіпті қос тараптың ата-аналары, отбасыларымен жүздесіп, некені сақтап қалуға әрекет етеді. Мысалы, осы уақытқа дейін «Отбасы кеңесі» жұмыс тобының 10 отырысы өтіп, онда 70 іс қаралған. Оның ішінде 17 іс медиация әдісі бойынша шешімін тапса, 18 азаматтың неке бұзу бойынша ұсынған талап-арызы кері қайтарылды.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 639 times