Тұрғын үйлер «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтеруде. Жалпы 13 мың 879,2 шаршы метр қолжетімді баспана салынды. Жаңа үйлер қаланың Әкімшілік-іскерлік орталығы «Нұрсəт» шағынауданында орналасқан.Мұндағы 1 шаршы метр тұрғын үйдің құны — 180 000 теңге. Баспаналар 50/50 қағидасы бойынша бөлінеді. Яғни пәтерлердің кем дегенде 50%-ы әкімшілікте кезекте тұрған азаматтар арасында бөлінеді, қалған 50% пәтерлер кезекке тұрмаған ҚТҚЖБ басқа да салымшылары арасында таратылады.
Сонымен бірге мемлекеттік бағдарламаға қатысу үшін әкімшілікте кезекте тұрған азаматтар да банкте салымшы атанып, ҚТҚЖБ-да есепшот ашып және қаражат жинақтауы тиіс. Алғашқы 224 пәтердің сатып алушылар пулына қатысу үшін өтінішті осы жылы 03 қарашаға дейін өтінім беруге болады. Қаланың жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында бірден 4 тұрғын үй беріледі. Құрылысты салушы нысандарды 2019 жылдың қазан айы соңында қолданысқа беруді жоспарлап отыр.
— «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысып және тұрғын үй сатып алу үшін ТҮҚЖБ есепшотында алғашқы жарна үшін пәтер құнының 20%-ы көлемінде қаражат болуы тиіс. Мəселен, 7,7 млн теңге тұратын 1 бөлмелі пәтерді сатып алу үшін депозитке 1,5 млн теңге жинақтау қажет. Осыдан кейін банк жылдық 5% мөлшерлеме бойынша жеңілдетілген қарыз береді, — деп, мемлекеттік бағдарламаға қатысу шарттарын Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Шымкент қаласы филиал бөлім басшысы Нұрлан Сұлтанов түсіндіріп өтті. Ол өз сөзінде пәтерді қолданысқа беру 2019 жылдың 30 қарашасында жоспарланғанын айтып өтті.
«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»