Вторник, 05 Ноябрь 2019 12:42

Шымкентте атаулы әлеуметтік көмектің арқасында кәсіп ашқандар көп

Атаулы әлеуметтік көмек алған шымкенттіктер жеке кәсіп ашып, тірлігін ұршықша иіріп отыр. Бірі малшаруашылығымен айналысса, енді бірі тігін цехының жұмысын жандандыруда. Жәрдемақы алған тұрғындардың ішінде кондитерлік цех ашып, түрлі нан өнімдерін саудаға шығарып отырғандары да бар.

Көпбалалы ана Перизат Ниязалиева сүйікті ісінен табыс тауып отыр. Қолынан іс келетін әйел 300 мың теңгеден астам жәрдемақы алған. Мемлекеттен алған қаражатқа тігін машиналары мен оған қажетті бұйымдарын сатып алыпты. Қолының ебі бар келіншек қазір ұлттық нақыштағы көрпе, жастықтарды тапсырыспен тігіп жатыр. «Іnstagram, вацап желілерінен  арнайы парақша ашып, жасаған өнімдерімді жарнамалаймын. Жақсы. Тапсырыс та бар», - дейді ол. 

Мемлекет қолдауына ие артып, ісін ілгерілеткендердің тағы бірі - Әйгерім Дәуітова. Ол ғимаратты жалға алып, кондитерлік өнімдерді саудаға шығарады. «Түрлі тәттілер мен тез дайындалатын өнімдерге сұраныс көп» дейді кейіпкеріміз. Жәрдемақыға алған ақшасына тоңазытқыш пен пеш сатып алды. Сөйтіп, ойға алған ісін жүзеге асырды.Мамандар берген мәліметке сәйкес, Шымкентте жәрдемақыға өтініш білдіргендер саны биыл едәуір өскен. Сәуір айынан бастап қалада 60 мыңнан астам отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Басқарма басшысы мемлекеттік қолдауға қол жеткізген тұрғындарды жаппай жұмыспен қамту шараларына тартып жатырмыз дейді.

Атаулы әлеуметтік көмек халықтың тұрмысын түзеу үшін беріледі. Қазақстанда келер жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек төлеудің жаңа тәсілдері енгізіледі. Жәрдемақы тағайындаудағы жаңа тәртіптерді қазір басқарма өкілдері халық арасында түсіндіру жұмыстарын қызу жүргізіп жатыр.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Read 402 times