Четверг, 07 Ноябрь 2019 06:34

Шымкентте қоғамдық көлік қызметіне талап күшейді

Шымкентте жолаушы тасымалдаушы компаниялардың ісін арнайы құрылған жұмыс тобы бақылауды бастады. Олар 10 күн бұрын сала жұмысына жауаптылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ескерту берді. Бұдан былай тәртіпке бағынбағандарға аяушылық жоқ. Қала билігі тасымалдау талаптарын бұзған компанияларды бірден жұмыстан шеттетін болды. 

Жұмыс тобының құрамында әкімдік пен жолаушы тасымалы қауымдастығы өкілдері, көліктік бақылау инспекциясы және жергілікті полиция мамандары бар.  Комиисия мүшелері автобустарды жол үстінде тоқтатып, көлік компанияларының қызмет сапасы туралы жолаушылардың ой пікірін тыңдады. Жұрттың дені қоғамдық көліктердің жүру жиілігіне наразы. Әлеуметтік желі қолданушыларының арасында да автобустардың қызметіне көңілі толмайтындардың қатары жиілеген. Қала әкімі Ерлан Айтаханов ел пікірін ескеріп, көлік қызметін реттеуді қолға алып отыр. Құрылған комиссияның миссиясы да сол – автобустардың жұмысын жүйеге келтіру.

«Жолаушы көлігіне жауапты басшы қызметінен кетті. Енді осы орынға таза, әділ адам келсе деген үміт бар. Мегаполисте 78 бағытта 1161 көлік жолаушыларға қызмет көрсетеді. Олар күнделікті 500 мың тұрғынды тасымалдайды. Қордаланған мәселе көп. Шешімі біреу» – дейді «Южавтотранс» қауымдастығының төрағасы Дархан Қаюпов.  

«Халыққа мінсіз қызмет етуге құлықсыз компанияларды жұмыстан шеттету керек. Ал келер жылдан бастап электронды билет жүйесі жүзеге асады. Сонда аялдамаларда айғайға басатын кондукторлардан да арыламыз», - дейді салаға жауаптылар.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 758 times